Сапар әдептері қандай?

13 қыркүйек 2022 5726 0
Оқу режимі

Ассаламу алейкум! Бүгінгі таңда, жұмыс бабымен, жеке шаруамен немесе демалу үшін саяхат етіп ұзақ жолға шығамыз. Алыс-жақын сапарға шығатын адам қандай әдептерге мән бергені жөн. Алдын ала рахмет!


Жауап

Уа алейкум ассалам!

Сапарға қамданған адам төмендегі әдептерді басты назарға алғаны жөн:

Бейсенбі күні сапарға шығу

Кағб бин Малик (р.а.): «Алла елшісі (с.ғ.с.) жолға аз шығатын. Ал, шығатын болса, бейсенбі күні сапарлататын[1]», – деп риуаят етеді.

Тағы бір хадисте: «Бейсенбі күні жолға шыққанды құп көретін[2]», – делінген. Демек, сапарды жоспарлап шығатын адам бейсенбі күні жол жүргені жөн.

Жолаушыны шығарып салу

Ибн Омар (р.а.) жолға шығайын деп тұрған адамға: «Бері жақында, Алла елшісі (с.ғ.с.) бізді сапарға шығарып салғаны сияқты, сені шығарып салайын деп: «Әстаудиъу Аллаһа динәкә уә амәнәтәкә уә хауәтимә ъамәлик[3]» (мағынасы: Аллаға сенің дініңді, аманатыңды және ісіңнің нәтижесін тапсырамын»), – деп айтқан екен.

Жол азығын қамдау

Сапарда жол серік болған кісілер бір-біріне жәрдем беруі тиіс. Әбу Мұса (р.а.): «Расында ашғари руы жорықта жесір боп қалған немесе Мадина қаласында жоқшылық көрген бір отбасы болса, өздеріндегі бар азық-түлікті бір шапанға жинап, өз арасында теңдей етіп бөлісетін. Міне, олар менен, ал мен олардан болам[4]», – деген Пайғамбар (с.ғ.с.) сөзін риуаят етеді.

Құран Кәрімде: «...Әрі жол азығымен қамданыңдар. Ал, жол азығының ең жақсысы – тақуалық...[5]», – деген әмір бар. Табари тәпсірінде: «Бұл аят жол азығын алмай қажылық етуші қауымға қатысты түскен. Олардың кейбірі ихрам киген сәттен азықтарын лақтырып, басқалар оны алатын. Сондықтан Алла Тағала сапарға азықсыз шыққанға қамдануды, ал азығы барлар оны лақтырмай сақтауды бұйырды[6]», – дейді.

Сапарда жақсы мінез таныту

Имам Науаи: «Сапарда қызметші балаға, түйе айдаушыға, сапардағы серікке, көмек сұраушыға және басқа адамдарға жұмсақтық пен көркем мінез таныту қажет. Сондай-ақ, мүмкіндігінше дау-жанжалдан, жолға таласудан, су қоймасында иық тіресуден алыс болған жөн. Сонымен қоса, балағат сөз, ғайбат, көлікті қарғаудан және барша жаман сөздерден тілді тыйған жөн. Көмек сұраған және дәрменсіз адамның ешқайсысын жол азықсыз шыққандығы үшін жазғырмай, жұмсақ мәміле жасау қажет. Шамасы келген көмекті берсін, ал шамасы келмесе жұмсақ жауап қайырсын. Бұл мәселелердің дәлелі Құран, хадис және ғалымдардың бірауыздан айтқан сөздерінен белгілі[7]», – дейді.

Түйін

Қорыта айтқанда, ұзақ сапарға шыққан адам мына жайттарды ескергені жөн:

1.Алла елшісі (с.ғ.с.) ұзақ сапарға бейсенбі күні шығатын;

2.Сапарға шыққан адамды белгілі дұғаны тілеп, шығарып салған абзал;

3.Құран Кәрім жолаушыға материалдық және рухани жол азығымен қамдануды ескертеді;

4.Көркем мінез – сапарда ең маңызды және қажетті жол серік.

Руслан Камбаров


[1] Бұхари
[2] Бұхари
[3] Әбу Дауд, Тирмизи
[4] Бұхари, Муслим
[5] Бақара сүресі, 197-аят
[6] Табари
[7] Мажмуғ

 

Автор: Muslim.kz порталы

Пікірлер Кіру