Күмәнді нәрселерге не жатады?

13 ақпан 2023 3930 0
Оқу режимі

Күмәнді нәрселерден сақтану керек деп жатады. Күмәнді нәрселерге нақты нелер жатады?


Жауап

Халал дегеніміз бұл – Алла Тағаланың Құран Кәрімде және Оның елшісі (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) хадистерінде рұқсат етілгенін анық айтқан нәрселері. Мысалы: Алла тағала былай дейді:

ُحِلَّتْ لَكُم بَهِيمَةُ الْأَنْعَامِ إِلَّا مَا يُتْلَىٰ عَلَيْكُمْ غَيْرَ مُحِلِّي الصَّيْدِ وَأَنتُمْ حُرُمٌ ۗ

Яғни, түйелер, сиырлар, қойлар және олардан туылатындар рұқсат етілген болып табылады. Мәида сүресі, 1 аят Тағы да Алла Тағала: «Алла сауданы халал етті»

وَأَحَلَّ اللَّهُ الْبَيْعَ    («Бақара» 275)

Демек, сауда-саттық рұқсат етілген, әрине егер онда алдау, арбау сияқты тыйым салынған істер болмаса. Сонымен, нені Алла анық халал деп атаса, оны адам қолданса болады, әрі ол үшін адам еш күнә алмайды.

Харам дегеніміз бұл – Алла тағала немесе Оның елшісі (с.ғ.с) анық тыйым салынған нәрселер. Бұған мысал ретінде Алла тағаланың мына сөздерін келтірсек болады: 

حُرِّمَتْ عَلَيْكُمُ الْمَيْتَةُ وَالدَّمُ وَلَحْمُ الْخِنزِيرِ وَمَا أُهِلَّ لِغَيْرِ اللَّهِ

Сендерге өлексе, аққан қан, шошқаның еті және Алладан өзгеге бауыздалған нәрсе тыйым салынған. («Мәида», 3-аят) және:

وَلَا تَقْرَبُوا الزِّنَا ۖ إِنَّهُ كَانَ فَاحِشَةً وَسَاءَ سَبِيلًا «Зинаға жақындамаңдар! Өйткені, ол арсыздық және жаман бір жол».

«Демек барлық іс-амалдар үш топқа бөлінеді.

Бірінші топқа халал екендігі бүкпесіз анық халал нәрселер кіреді. Бұған мысал ретінде нан жеу, сөз сөйлеу, жүру, т.б. сол сияқты іс-әрекеттерді келтіруге болады.

Екінші топқа анық харам нәрселер кіреді. Мәселен, арақ ішу, зинақорлық, т.с.с.

Ал үшінші топтағы шүбәлі нәрселер дегеніміз — халал немесе харам екендігі белгісіз нәрселер. Сондықтан да адамдардың көпшілігі олар туралы біле бермейді. Ал ғұламалар мұндай іс-әрекеттің үкімін Құран аяттарынан, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадистерінен немесе қияс (салыстыру) арқылы біледі. Егер халал немесе харам екендігі белгісіз бір нәрсе кездессе, бұған Құран мен Сүннетте нақты нұсқау берілмесе, сонымен қатар бұл мәселе туралы ғұламалардың бірауыздан ортақ пікірі қалыптаспаған болса, онда мужтаһид өздігінше шешім іздейді. Үкім шығаруда шариғаттың ұқсас үкімдерін негізге алып, туындаған мәселеге қатысты халал не харам қорытындысын жасайды», – деген.

Күмәнді нәрседен бас тарту — тақуалықтың белгісі. Мәселен, күмән келтіретін табыс көзі немесе өсімқорлыққа қатысы бар адамдармен іскерлік байланыс жасамау. Сондай-ақ, харам деп нақты көрсетілмеген, алайда алшақ жүруі тиімді әрі абзал болған іс-әрекеттерден сақтану.

Ал, шүбәлі нәрсеге және күмәнді амалға қатысы жоқ істе тақуалық танытамын деп, адам өзіне қиындық тудырмауы қажет. Мәселен, үлкен қала тұрғыны өз қаласындағы әйелдердің біреу-міреуі туысым болып қалуы мүмкін деген оймен үйленуден бас тарту. Яки, болмаса шөлдегі суды нәжіс түскен болуы мүмкін деп ойлап, ішуден бас тарту секілді. Мұндай іс-әрекет тақуалықтың белгісіне жатпайды. Қайта бұл – шайтанның азғыруының нәтижесі болмақ.

Ибн Мунзир шүбәлі нәрселерді үшке бөледі:

а) Харам екендігі адамға әу бастан белгілі болған. Бірақ, оның халал не харам екендігінен күдіктеніп, ақырында күмән тудыра бастайтын нәрселер. Мұндай заттарды анық көз жеткізгеннен кейін ғана тұтынуға болады. Мәселен, екі қой сойылды дейік. Бір қойды пұтқа табынушы (немесе мұсылман емес адам) сойды. Екіншісін мұсылман қасапшы сойды. Екі ет те бір орынға қойылып, қайсысы «бисмиллаһпен» сойылғаны белгісіз болып қалды. Бұндай жағдайда етті қолдану немесе қолданбау мәселесі күдікті.

ә) Керісінше халал нәрсенің тыйым салынғандығына қатысты қандай да бір күмән пайда болуы. Мысалы, талақ етілгені күмәнді әйел; Анық дәрет алғаннан кейін ешқандай белгісі болмаса да дәрет бұзылды ма деген күдік.

б) Халалдығы да, харамдығы да бірдей шүбә келтіретін нәрселер. Ең жақсысы-олардан аулақ болу.

Хазіреті пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) бір хадисінде: «Мен үйге келгенімде төсек үстінде құрма жатыр екен. (Алдымен) оны жемек болып қолыма алдым. Бірақ (құрма) садақа ретінде әкелінген ба деген күмәнмен одан бас тартамын,» – деген (әл-Бұхари, Муслим).

Күнделікті тұтынатын және қолданылатын заттарға байланысты күмән және күдік тудырған нәрселерден бас тарту жайлы саңлақ сахабалар мен ізгі ғұламалардың бірер сөздерін айта кетейік.

Бір күні Әбу Бәкір (р.а.) бір (тағамды) нәрсені білместен жеп қояды. Тағамның шүбәлі екенін білген соң қол салып, құсып тастағаны белгілі.

Әбу Дарда (р.а.): «Тақуалықтың ең кемелдігі-пенденің Алла тағаладан қорқып, (мөлшері жағынан) тозаңдай (үлкен емес) нәрседен сақтануы. Сондай-ақ, харам болуы мүмкін деп халал (деп есептелетін) нәрсенің кейбіреуінен бас тартуы саналады. Мұндай әрекет оны харамнан сақтайды», – деген екен.

asyldin.kz сайтынан алынды

 

Пікірлер Кіру