Жасанды ұрықтандырудың шариғи үкімі
Жасанды ұрықтандырудың шариғи үкімі
Жауап
Аса мейірімді, ерекше рақымды Алланың атымен бастаймын. الحمد لله ربّ العالـمين و الصّلاة و السّلام على خير خلقه مـحمّدٍ و آله و أصحابه أجـمعين Барша мадақ атаулы әлемдердің Раббысы Аллаға тән. Адамзаттың асылы Мұхаммедке, оның отбасы мен барша сахабаларына салауат пен сәлем болғай! Қолдан ұрықтандыру дегеніміз, ер кісі мен әйел табиғи жолмен өздігінен ұрықтана алмаған жағдайда әйелдің жұмыртқа клеткасы мен ер адамның ұрығын арнайы медициналық түтікшелер көмегімен біріктіріп ұрықтандыру. Ұрықтандырылған бұл зигота артынша әйел жатырына салынады. Медицинада жасанды ұрықтандырудың бірнеше түрі бар. Оны сырттай және іштей ұрықтандыру деп екіге бөліп қарастырсақ болады. Екеуінің арасындағы айырмашылыққа келсек, іштей ұрықтандыру әйел адамның жатырының ішінде жүзеге асады. Сырттай ұрықтандыру ер адамның ұрығы мен әйел адамның жұмыртқа клеткасы жатырдың сыртында арнайы түтікшелерде ұрықтандырылу арқылы іске асады. Бірақ екі жағдайда да баланың дамуы, өсуі жатырдың ішінде болады. І. Қолдан іштей ұрықтандыру тәсілі. 1) Күйеуінің ұрығын әйелінің жатырына іштей ұрықтандыру арқылы орналастырады. Шариғатта бұл әдіске рұқсат берілген. Еркектің ұрығы өздігінен табиғи түрде әйелінің жатырына жете алмағандықтан осы әдіс қолданылады. 2) Әйелді күйеуінен тыс өзге бір ер кісінің ұрығымен ұрықтандыру. Көбінесе бұл тәсіл күйеуі белсіз, яғни табиғи жолмен де жасанды жолмен де ұрықтануға келмеген жағдайда әрі оны емдеу мүмкіндігі болмаған кезде жүзеге асады. Мұндай жағдайға душар болған ерлі-зайыптылар ұрықты сатып алып бала көтеруге мәжбүр болады. Бұл тәсіл Еуропа елдерінде қатты дамыған. Арнайы ұрық сақтайтын банкта нобель сыйлығының иегері т.б. әлемге танымал адамдардың ұрықтарын каталогтарға қойып сатады. Кімге қай саладағы адамдар қажет болса сол каталогтан керегінше таңдап алады. Бұл тәсіл толығымен шариғатқа қайшы. 3) Әйелдің жатыры бала көтеруге жарамды бірақ жұмыртқа клеткасында бір кінарат туындалған сәтте жасалатын тәсіл. Бұл көріністе күйеуінің ұрығын бөгде әйелдің жатырына табиғи немесе жасанды жолмен салады. Бес күн өткен соң дәрігер ұрықтанған жұмыртқа клетканы алып, әйелінің жатырына салады. Ұрықтандырудың бұл түрі АҚШ-та кең тараған. Бұл көріністің үкімі харам болып саналады. Себебі бала ерлі-зайыптылық одақсыз дүниеге келеді. Өйткені ұрық күйеуіне тиесілі болғанымен жұмыртқа клетка бөгде әйелдікі. ІІ. Сырттай ұрықтандыру тәсілі. Бұл әдіске жүгінудің негізгі себебі әйелдің қынап түтікшелерінің бітеліп қалуынан және ер адам ұрығының әлсіз болуынан туындайды. Сырттай ұрықтандырудың да бірнеше түрі бар. 1) Ерлі-зайыптылардың аталық ұрығы пен аналық жұмыртқа клеткасы арнайы зертханаларда сырттай ұрықтандырылады. Кейін жұмыртқа клетка, иесі болып табылатын әйелдің жатырына енгізіледі. Бұл тәсіл арқылы сәби сүюге шариғатта рұқсат етілген. Өйткені, ұрық күйеуіне тиесілі, ал жұмыртқа клетка және зигота енгізілетін жатыр некелі әйеліне тиесілі. 2) Жұмыртқа клеткасынан айырылған немесе қандай-да бір себеппен жұмыртқа клеткалары бөлінбей қалған әйел күйеуінің ұрығын бөгде бір әйелдің жұмыртқа клеткасымен арнайы түтікшелерде сырттай ұрықтандырып, соңынан өзінің жатырына енгізеді. Бұл әдіс шариғатқа қайшы. Себебі күйеуінің ұрығы бөгде әйелдің жұмыртқа клеткасымен ұрықтандырылды. Бұлай істеу зина жасағанмен тең әрі тектің бұзылуына жол ашады. 3) Арасында неке болмаған ер мен әйел ұрықтарын арнайы зертханада сырттай ұрықтандырып, үшінші бір әйелдің жатырына салу. Бұл көріністе үшеуі де бір-біріне бөгде адамдар. Жоғарыда келтірілген көріністе ұрық күйеуіне тиесілі, жатыр әйеліне тиесілі бола тұра үшінші жақтың араласуымен шариғи тұрғыдан тыйым салынған болатын. Демек бұл көріністің үкімі де харам болады. 4) Әйелінің жұмыртқа клеткасын бөгде ер адамның ұрығымен сырттай ұрықтандырып әйелдің жатырына салу. Бұл күйеуінің ұрығы өздігінен ұрықтана алмайтын әлсіз немесе белсіз жағдайда жүзеге асады. Ұрықтанудың бұл көрінісі де шариғатқа қайшы. Себебі бөгде ердің ұрығын әйелдің жатырына салуы зина жасағанмен тең әрі тектің араласып кету қаупі бар. 5) Бөгде әйелдің жұмыртқа клеткасын күйеуінің ұрығымен арнайы түтікшелерде ұрықтандырылғаннан кейін, жұмыртқа клеткасы алынған бөгде әйелдің жатырына енгізу. Бұл көрініске де шариғатта тыйым салынған. 6) Жатыры істен шыққан әйелдің жұмыртқа клеткасын бөгде ер адамның ұрығымен ұрықтандырып, үшінші әйелдің жатырына енгізу. Шариғатымызда бұл әдіске де рұқсат жоқ. 7) Бөгде ердің ұрығын бөгде әйелдің жұмыртқа клеткасымен ұрықтандырып, әйелінің жатырына енгізу. Бұл тәсілге де шариғатта тыйым салынған. 8) Әйелдің жатыры бала көтеруге жарамсыз немесе мүлдем жоқ немесе дене бітімін, денсаулығын бұзғысы келмеген т.б. себептердің салдарынан ерлі - зайыптылардың ұрықтарын арнайы түтікшелерде ұрықтандырып, оны басқа бір әйелдің жатырына енгізу арқылы жүзеге асады. Бұл көрініске де шариғатымызда тыйым салынған. 9) Әйелдің жұмыртқа клеткасын ажырасқан немесе дүниеден өткен күйеуінің ұрығымен арнайы түтікшелерде ұрықтандырып әйелінің жатырына енгізу. Бұл мәселе төңірегінде ғалымдардың арасында пікір-талас болғанымен, біз тыйым салған ғалымдардың көзқарасын аламыз. Өйткені күйеуінің өлуімен немесе ажырасуымен араларындағы ерлі-зайыптылық құқық тоқтап қалады. ҮКІМ Жоғарыда көрсетілген іштей және сырттай ұрықтандыру көріністерінде ұрық және жұмыртқа клетка ерлі-зайыптыларға тиесілі болып, жұмыртқа клетка иесі болған әйелдің жатырына енгізілсе шариғатта рұқсат етіледі. Ал бұдан өзге көріністерде тектің араласуы және зина ұғымы туатындықтан шариғатта тыйым салынған. Сонымен қатар Алла Тағала адам баласын өзге жаратылыстарынан ардақты етіп жаратқандықтан, ол өз денесіне тиесілі ешбір нәрсені тіпті ұрықты да сатуға құқығы жоқ.