Рамазанда жігітіммен кездесуге бола ма?

17 мамыр 2018 15485 0
Оқу режимі

Сəлеметсіз бе? Биыл Алла бұйыртса, ораза ұстағалы жатырмын.  Ораза кезінде жігітпен кездесуге жəне қолынан ұстауға болады ма? Жайна.


Жауап

Сәлеметпіз, рахмет. Оразаңыз қабыл болсын әрі барша жақсылықтарға бастау болғай!

Сұрағыңызға келсек... Ислам шариғатында қыз бен бала тек үйлену ниетімен, онда да үшінші адамның қатысуымен ғана кездесе алады. Ал, үйленбей тұрып қол ұстасып жүруіне болмайды. Себебі, Алла Тағала Құран кәрімде:

وَلَا تَقْرَبُوا الزِّنَا ۖ إِنَّهُ كَانَ فَاحِشَةً وَسَاءَ سَبِيلًا

«Зинаға жақындамаңдар! Өйткені, Ол – анық арсыздық және жаман жол»[1], – деген.

Имам Қуртуби (р.а) осы аятты тәпсірлеп былай дейді: «Ғалымдар: Алла Тағала бұл аятта «Зинаға жақындамаңдар!» деді. Алла Тағаланың сөзді бұлай саптауы «зина жасамаңдар!» дегеннен де кең мағынаға ие. Ондағы мағынасы – «зина атаулыға алыс-жақыннан да жақындаушы болмаңдар!» дегенді білдіреді. Себебі, зинаның алыс әрі жақын мағынасы бар», – деген»[2].

Бұл сөзімізді Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) мына хадисімен өрбітеміз:

كُلُّ ابْنِ آدَمَ لَهُ حَظُّهُ مِنَ الزِّنَا ، فَزِنَا الْعَيْنَيْنِ النَّظَرُ، وَزِنَا الْيَدَيْنِ الْبَطْشُ، وَزِنَا الرِّجْلَيْنِ الْمَشْيُ، وَزِنَا الْفَمِ الْقُبَلُ ، وَالْقَلْبُ يَهْوَى وَيَتَمَنَّى ، وَيُصَدِّقُ ذَلِكَ أَوْ يُكَذِّبُهُ الْفَرْجُ

«Әр Адам баласының зинадан үлесі бар; көз зинасы – (харамға) қарау, қолдың зинасы – ұстау, аяқтың зинасы – жүру, ауыздың зинасы – сүю. Жүрек соған мейілденеді, қалайды, ал әурет болса оны растайды немесе өтірікке шығарады»[3].

Міне, әрбір кіші деп білінген нәрсе артынан ауыр күнәға апаруы мүмкін. Сол үшін де үлкен күнәға апартын нәрсе де өз алдына күнә болады.

Сіздің жағдайда, оразаны барынша оңтайлы пайдаланыңыз. Әдетте күнә болып табылатын нәрседен алыс тұруға тырысу керек, ал Рамазанда айында ол істерге жақындаудан мүлдем тыйылған жөн.

Оразаңыз қабыл болсын! Ораза баршамызды тақуалыққа бастасын!

Айбек Әбдіқадыр
Muslim.kz сайтының діни сарапшысы

 


[1] Исра 32.
[2] Тафсир Қуртуби.
[3] Ахмад.

Пікірлер Кіру