Бұрынғы намаздардың қазасын өтеу міндет пе?

17 маусым 2019 26999 0
Оқу режимі

Ассаламу уалейкум! Өтіп кеткен намаздардың қазасын өтеу міндет пе? Егер тиіс болса, сүннетті оқымай қазаны орындау керек пе? Ербатыр.


Жауап

Уа алейкум ассалам! Біздің ханафи мәзһабында намазды уақытысында өтеу қалай парыз болса, оның қазазын өтеу де солай парыз. Екеуіне де Алла Тағаланың мына аяты дәлел:

وأقيموا الصلاة وآتوا الزكاة واركعوا مع الراكعين

«Намазды толық орындаңдар, зекет беріңдер, сондай-ақ (Алланың құзырына) иілушілермен бірге иіліңдер»[1]. Бұл аят намазды толық орындаңдар деп тұр. Яғни өз уақытында оқу немесе уақыты өтіп кетсе, қазасын өтеу керек.

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) былай деген:

من نسي صلاة فليصل إذا ذكرها, لا كفارة لها إلا ذلك

«Кімде-кім намазын ұмытса, есіне түскенде оқысын. Оған содан басқа кәфарат жоқ»[2]. Егер қаза намазын ұмытқан адамға өтеу уәжіп болса (күнәсі түсуі мен қиыншылық көтерілуімен бірге), онда әдейі тастағандарға өтеуі міндетті түрде уәжіп болады.

Кімнің біраз уақыттан бері қаза намазы болса, тәубе етіп, қазасын өтеуге кірісуі керек. Күнделікті оқып жатқан әрбір парыз намазына қаза намазын қосып өтесін. Нәпілдің орнына қазаларды орындаған дұрыс. Өйткені, парыздың сауабы нәпілдің сауабынан артығырақ. Әрбір өтеп жатқан парыз намазына қаза намазын қосып өтеудің абзалдығына Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) мына хадисі дәлел:

من أدرك منكم صلاة الغداة من غد صالحا فليقض معها مثلها

«Кімде-кім сау күйінде ертеңгі намазына жетсе, онымен бірге өткен қаза намаздарын өтесін»[3]. Хитоби: «Бұл жердегі бұйрық, қазаны өтеудегі артықшылық уақытты табу үшін мұстахабқа ұқсайды», - деді. Осылайша қаза намаздарын өтеп болдым дегенше орындай береді. Егер ажалы жетіп қазасын өтей алмаса, Алла Тағала өзінің кеңшілігімен кешірім етеді.

Ал енді, қаза намаздарды сүннеттердің орнына оқу жайлы келсек, Ханафи мәзһабы бойынша «Хашияту әт-Тахтауи»[4] атты кітапта сүннет емес, нәпіл намаздар жайлы айтылған. Яғни, ол жерде: «Бекітілген сүннет, дұха, тәсбих және хабарда келген намаздардан басқа нәпілді оқығаннан, қаза намаздарын өтегені абзалырақ. Соны (яғни, бекітілген сүннет намаздарды) нәпіл ниетімен, ал одан басқасын қаза ниетімен оқиды (яғни, бекітілген сүннет, дұха, тәсбих және хабарда келген намаздардан басқа нәпіл намаздарды қаза ниетімен оқиды)», – делінген.

 


[1] «Бақара» сүресі, 43-аят.
[2] Бұхари, Мүслім.
[3] Әбу Дәуід.
[4] Хашияту әт-Тахтауи әлә мәроқи әл-фәләх шархи нури әл-идах, 447-бет

Пікірлер Кіру