Ораза кезінде ине салдыруға бола ма?

26 сәуір 2020 10931 0
Оқу режимі

Ассалаумағалейкүм! Менің бір сұрағым бар еді. Егер ораза ұстап жүріп ауырып қалса, ине салдыруға бола ма? 


Жауап

Уағалейкүмассалам! Негізінде шариғат бойынша табиғи жолдар (ауыз, мұрын, тік ішек) арқылы ішке кірген нәрсе оразаны бұзады. Ал дене арқылы кірген нәрсе оразаны бұзбайды. Оған «Терідегі ұсақ тесіктер арқылы май секілді заттың ішке кіруі оразаны бұзбайды» деген пәтуа дәлел («Әл-фәтауа әл-һиндия», 1/266).  

Имам Әбу Юсуф пен Имам Мухаммад (Алла оларды рақым етсін) бұл үкімді былай тұжырымдаған: Қарындағы және бастағы терең жараны емдеу оразаны бұзбайды. Өйткені олардың пікірі бойынша дәрінің ішке негізгі (табиғи) жолдармен баруы шарт. Сондай-ақ, жара арқылы ішке баратын жолдың тығыздылығынан және емделу барысында оның бітеліп қалуынан дәрінің ішке жетуі екіталай («Әл-фиқһ әл-ханафи уә адилләтуһу», 1/392).  

Бірақ Имам Әбу Ханифа (Алла оны рақым етсін) қарындағы немесе бастағы терең жараны емдегенде дәрі ішке немесе бас миға жеткені үшін ораза бұзылады, деген және сұйық дәрінің ішке, бас миға жететінін ескерткен («Әл-һидая шарху бидаят әл-мубтади», 1/557).  

Қазіргі заман ғалымдары укол арқылы салынатын дәрілерді ас-су сияқты денеге азық, қуат болатын және емделу үшін (денеге қуат, азық болмайтын) етіп, екіге бөліп қарастырады. Тері астына және бұлшық етке емделу үшін (денеге қуат, азық болмайтын) укол салса, ауыз ашылмайды. Бірақ көк тамырға укол салу (қан құюдан басқа) мәселесінде ғалымдардың көзқарастары бірдей емес. Көп ғалымдар тамырға салынатын укол денеге қуат, азық болмаса, ораза бұзылмайды дейді («Әл-муфассал фи әл-фиқһ әл-ханафи», 276).  

Осыған орай, емделу және аурудың алдын алу мақсатында денеге (тері астына, бұлшық етке, жамбасқа, көк тамырға) ине шаншып, ішке ас-судың орнын баспайтын пенициллин, инсулин, екпе, дененің белсенділігін арттыратын, ауырсынуды басатын, денені мұздататын, дене қызуын кемітетін дәрілер мен дәрумендерді қолдану оразаны бұзбайды.  

Сондықтан ораза тұтатын адам алдымен дәрігерден уколдың қандай дәрі екенін сұрап білуі керек. Алайда, ораза кезінде укол салу қатты қажет болмаса, оны ауыз ашқаннан кейін немесе рамазан айынан тыс күндерге қалдырған абзал.     

Пікірлер Кіру