Құрбан шалмасам не болады?

27 шілде 2020 8931 0
Оқу режимі

Ассалам алейкум. Менің шетелде оқитын інім бар. Оның ондағы баратын мешітінің имамы жас араб жігіті екен. Ол ініме құрбан шалу – шамасы жеткен адамға да міндет емес деген көрінеді. Сұрағым: менің құрбан шаларлық мүмкіндігім бар. Бірақ шалмасам қалай болады екен? Күнә болмай ма?  Артур


Жауап

Уа алейкум ассалам. Алла Тағала ініңіздің іліміне береке, ғибадатына қабыл болуды нәсіп етсін.

Құрбан шалу – намаз, зекет және қос айт мейрамымен қатар хижраның екінші жылы шариғаттастырылған. Ол әрбір құрбандық шалуға шамасы жететін адам үшін уәжіп (міндетті) амал болып табылады.

Құрбан шалудың уәжіп екеніне Құран мен сүннет дәлел болады.

Алла Тағала Құранда: «فَصَلِّ لِرَبِّكَ وَانْحَرْ» (Сондықтан Раббың үшін намаз оқы, құрбан шал!)[1] – деген. Тәпсір ғалымдары бұл аятты: «Әй, Мұхаммед! Раббың үшін (құрбан) айт намазын оқы да құрбаныңды шал», – деп ашықтаған. Аяттағы бұйрық – жалпы мағынада айтылған. Ендеше, Пайғамбарға (с.ғ.с) айтылған бұйрық Оның (с.ғ.с) үмметіне де қатысты. Басқалай айтсақ, Пайғамбарға (с.ғ.с) уәжіп болған нәрсе үмметке де уәжіп болады. Себебі, үммет Пайғамбарға (с.ғ.с) қарап бой түзейді ғой.

Пайғамбарымыз (с.ғ.с): «من وجد سعة فلم يضح فلا يقربن مصلانا» (Кімде-кім шамасы келе тұра құрбандық шалмаса, намазымызға жақындамай-ақ қойсын!)[2] – деген. Бұл хадисте ауыр сөгіс бар. Бұл сынды сөгіс уәжіпті орындамаушы адамға ғана айтылады.

Пайғабарымыз (с.ғ.с) тағы бір хадисінде: «من ذبح قبل الصلاة فليذبح شاة مكانها و من لم يكن ذبح فليذبح على اسم الله» (Кімде-кім намазға[3] дейін сойған болса, орнына басқа қой сойсын. Ал, кім соймаған болса, Алланың атымен сойсын)[4] – деген. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) мұнда намазға дейін сойғандар үшін қайта союды әмір етуде. Бұл сынды әмір де құрбан шалудың үкімінің уәжіп екенін көрсетеді.

Артур, кей ғалымдар құрбан шалудың сүннет екенін айтқан. Олар құрбан шалмауға болатынын айтқан, алайда мүмкіндік бола тұра құрбан шалмаған адамның көптеген жақсылықтан құр қалатынын да айтқан. Біз-дағы құрбан шалудың дәлелдерін саралап, үкімінің – уәжіп екенін айтамыз. Шамаңыз келіп тұр екен, бұл игіліктін мақұрым қалмаңыз.

 


[1] Кәусәр 2
[2] Ахмад; Хаким;  Байхақи
[3] Яғни, айт намазы
[4] Бухари; Муслим

Пікірлер Кіру