Ата-анам намаз оқуыма қарсы. Не істесем болады?

22 тамыз 2020 18052 0
Оқу режимі

Сұрақ: Мен намаз бастағым келеді. Бірақ ата-анам намаз оқуыма қарсы. Осы орайда мен не істесем болады? Ата-анамның разылығын, яғни, рұқсатын алып оқығаным дұрыс па, немесе ата-ананың рұқсатын алмай-ақ та оқи беруге бола ма? Өтінемін жауап беріңіздерші. Жауап күтемін.


Жауап

Жауап: Намаз Алла Тағаланың мұсылман пендесіне көптеген аяттар[1] мен хадистер[2] арқылы парыз етіп міндеттеген бес парызының бірі әрі негізгісі екендігін әрбір мұсылман баласы жақсы біледі.

Осыған орай, балиғат жасқа толған әрбір мұсылман бес уақыт намаз оқуы қажет. Ал, енді бұл мәселеде ата-ананың қарсылығы үкімді өзгертпейді. Ата-ананың рұқсатын алмай намаз оқу күнә емес. Әрине, ата-ананың разылығымен болса нұр үстіне нұр болар еді.

Алла Тағала бұл тұрғыда:

«Адам баласына ата-анасына жақсылық қылуды нұсқадық. Егер екеуі саған білмеген нәрсеңді Маған ортақ қосуыңа тырасса, онда ол екеуіне бағынба. Қайтар жерің Мен жақ. Сол уақытта сендерге не істегендеріңді түсіндіремін».[3]

Осы аятқа сүйене отырып ғалымдар бір ауыздан: егер де ата-ана Аллаға серік қосуға және парыз амалдардың бірін орындамауға бұйырса онда оларға мойнсұнбау керектігін алға тартқан. Имам Тирмизидің риуаятына қарағанда бұл аят Сағд ибн Әби Уққас жайында түскен екен.

Бұл ардақты сахабаның анасы Әбу Суфиянның қызы еді. Хазіреті Сағд ибн Әбу Уаққас (р.а.) Ислам дінін ең алғаш қабылдағандардың қатарында болатын. Ол кісі (р.а.) анасына деген зор құрметімен және жақсылық жасауымен кеңінен танымал еді. Анасы өзіне деген соншалық құрметі мен сүйіспеншілігін жақсы білгендіктен бір күні оған:

«Жаңадан шыққан бұл қандай дін?! Аллаға ант етемін! Мен бүгіннен бастап осы діннен шыққаныңа дейін аузыма нәр алмаймын. Егер де мен осылай өліп кетер болсам, саған:

«Ей, анасын өлтірген адам!» дейтін болады, - дейді.

Бұдан кейін анасы қырық күн аузына бір түйір нәрсе алмайды. Содан не керек, баласы анасына барып: 

«Уа, анашым! Сіздің жүз дана жаныңыз бола тұрып, бұлардың бәрін біртіндеп осылайша берсеңіз де мен кірген хақ дінімнен шықпаймын. Қаласаңыз ішіп-жеуді бастаңыз, қаласаңыз жалғастыра беріңіз, ерік өзіңізде», дейді.

Осыдан кейін барып анасының баласынан үміті үзіліп, ішіп-жеуді жалғастырған екен.[4]

Бұл орайда мына бір нәрсені ескерген жөн. Қазіргі таңда ата-аналардың балаларын мешітке барудан, намаз оқудан осылай тыюы, Исламнан безінгендіктен, дінге деген жаман ойдан емес, мүмкін, бүгінгі күндегі түрлі деструктивті діни ағымдардың жетегінде кетіп қала ма? деген қауіптен болса керек.

Сондықтан да, сізге бұл мәселені ата-анаңызға көркем мәмілемен, жылы сөзбен айтып түсіндіруге немесе өңіріңіздегі дін қызметкерлерімен сөйлестіріп, ақылдасуға кеңес береміз.

Бақытжан Өткелбаев


[1] Тәубе сүресі, 103-аят; Бақара сүресі, 238-аят; Ниса сүресі, 103-аят; Бәййнә сүресі, 5-аят; Хаж сүресі, 78-аят.
[2] Бұхари, иман бабы 1,2; Муслим, иман бабы 19-22.
[3] "Анкәбут" сүресі, 8-аят.
[4] Инб Кәсир тәпсірі.

Пікірлер Кіру