Мәскеу қаласында xv халал халықаралық конгресі өтуде

10 ақпан 2026 106 0
Оқу режимі

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының тапсырмасымен «Халал Даму» ЖШС директоры Айбек Асқарбекұлы және аталмыш мекеменің технологы Нұрбек Қанатұлы Ресей Федерациясының Мәскеу қаласында өтіп жатқан XV Халал халықаралық конгресіне арнайы қатысуда.

Аталған халықаралық конгресс 2026 жылғы 10 ақпанда Мәскеу қаласындағы «Крокус Экспо» халықаралық көрме орталығында «Халал – өсу жолы!» ұранымен ашылып, Еуропадағы ең ірі «Продэкспо–2026» халықаралық азық-түлік, сусындар және өндірістік шикізат көрмесі аясында өтуде.

Халықаралық шара барысында Ресей мұсылмандары діни басқармасының халал сертификаттау және стандарттау орталығы тарапынан «Халал орталығы» ашылды. Салтанатты жиында «Халал Даму» директоры Айбек Асқарбекұлы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы атынан сөз сөйлеп, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының сәлемін жеткізді.

Конгресс жұмысына Ресей Федерациясы мұсылмандары діни басқармасы, Ресей Федерациясының Ауыл шаруашылығы министрлігі, Ресей экспорт орталығы, Росаккредитация, Росстандарт, сондай-ақ Малайзия, Сауд Арабиясы, БАӘ, Марокко, Индонезия, Алжир және Оңтүстік Африка елдерінің ресми өкілдері қатысуда. Сонымен қатар халал өнімдерін өндіру және экспорттау саласында жетекші орын алатын ірі компаниялар, ғылыми-зерттеу ұйымдары мен халықаралық сарапшылар өз тәжірибелерімен бөлісуде.

Конгресс барысында халал индустриясын дамыту, халал өнімдерінің экспорттық әлеуетін арттыру, халықаралық стандарттарды үйлестіру, ғылыми және сараптамалық қауымдастықтың рөлін күшейту, сондай-ақ посткеңестік кеңістіктегі халал ұйымдарының өзара ынтымақтастығын дамыту мәселелері жан-жақты талқылануда.

Іс-шара аясында «Халал Даму» директоры Айбек Асқарбекұлы Қазақстандағы халал индустриясының дамуы, ұлттық стандарттау жүйесінің ерекшеліктері және халықаралық ынтымақтастық бағытындағы жұмыстар туралы баяндама жасап, еліміздің тәжірибесін халықаралық деңгейде таныстырды.

Айта кетейік, халықаралық маңызды шараға 20 мемлекеттен мыңға жуық кәсіпорын қатысуда сондай-ақ, ҚМДБ Халал сертификатын алған 4 кәсіпорын өз өнімдерін ұсынуда. Аталған шара төрт күнге жалғасады деп жоспарлануда.











Дереккөз: ҚМДБ Баспасөз қызметі

Пікірлер Кіру