АБАЙ МҰРАСЫ – РУХАНИ ТӘРБИЕНІҢ ҚАЙНАР КӨЗІ
Наурызбай қажы ТАҒАНҰЛЫ,
ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти
АБАЙ МҰРАСЫ – РУХАНИ ТӘРБИЕНІҢ ҚАЙНАР КӨЗІ
Ардақты ағайын!
Баршаңызды Абай күнімен шын жүректен құттықтаймын.
Хакім Абай халқымыздың ғана емес, адамзат өркениетінің рухани қазынасына айналған тұлға екені хақ. Оның шығармалары ұлттың санасын жаңғыртып, адамды білімге, еңбекке, адалдыққа, әділетке, ғылымға және көркем мінезге үндейді.
Абай атамыздың еңбектерінде дін мен иман мәселесі де ерекше орын алады. Хакімнің «Алла деген сөз жеңіл», «Алланың өзі де рас, сөзі де рас» деп басталатын терең ойлары адамның Алланы тануына, иманның мәнін түсінуіне, жүрек тазалығына үндейді. Оның дін туралы пайымдары құрғақ сеніммен шектелмей, адамгершілік пен ар-ұятты, әділет пен мейірімді қатар ұстануға шақырады.
Данышпан Абай үшін мұсылмандық тек сыртқы ғибадат емес, ол ішкі жүрек тазалығы, адамгершілік қасиеттермен өлшенетін терең жол. Ойшыл бабамыз: «Адал еңбекпен мал іздемек – арлы адамның ісі» дейді. Нағыз байлық адалдық екенін ұғындырады. Мемлекет басшысы қадірлі Қасым-Жомарт Кемелұлының «Адал азамат» идеясын ұсынуы да қоғамдағы ізгіліктің бәрі адалдықтан бастау алатынын меңзейді. Президентіміз бір сөзінде: «Адал азамат дегеніміз – жақсы қасиеттерге ие болып, адал еңбек ететін және табысқа адал жолмен жететін адам. Яғни, адалдық пен әділдікті бәрінен биік қояды. Озық ойлы ұлт болу үшін бүкіл қоғам сана-сезімін өзгертіп, жаңа құндылықтарды орнықтыруы керек», – деп атап өтті.
Абайдың ізгілікке үндейтін қара сөздері – өмірлік бағыт-бағдар беретін ақылдың көзі, жүрекке сәуле құятын парасаттың тұнығы. Ойшыл Абай он төртінші қара сөзінде: «...Рақымдылық, мейірбандылық, әртүрлі істе адам баласын өз бауырым деп, өзіне ойлағандай оларға да болса игі еді демек, бұлар – жүрек ісі» дейді. Хәкімнің бұл ойы ардақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Өзіңе тілеген жақсылықты басқаға да тілемейінше, шынайы мұсылман бола алмайсың» деген хадисімен үндеседі. Бұл – қазіргі қоғам үшін өте қажет қасиеттің бірі.
Абай шығармашылығы – таусылмайтын терең тақырып. Біздің көзіміз жеткен екі анық бар: біріншісі – Абайдың діни көзқарастары бүгінгі жаһандану дәуірінде адастырмас бағдаршам іспетті. Бұл бүгінгі қоғамға ауадай қажет, екіншісі – Мұхтар Әуезов айтқан «Абайдың діні – сыншыл ақылдың, адамгершіліктің діні» деген тұғырлы тұжырым ешқашан да ескірмек емес.
Алла Тағала халқымызға Абай армандаған «толық адам» болуға ұмтылатын, білімді де білікті, иманды да ибалы, адал да еңбекқор ұрпақ нәсіп етсін!
Еліміз аман, жұртымыз тыныш, бірлігіміз бекем болсын! Абайдың асыл мұрасы ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып, ұлттық руханиятымыздың темірқазығына айнала бергей! Ғұлама бабамыздың өнегелі өмірі мен өшпес мұрасы ұрпақ санасында мәңгі жасай берсін! Әумин!
Дереккөз: ҚМДБ Баспасөз қызметі