Астана – бейбіт келіссөз бен әлемдік діндер диалогы алаңы

02 шілде 2018 8781 0
Оқу режимі

Астана қаласының 20 жылдығын мерекелеу қарсаңында Дін істері комитетінің төрағасы Еркін Оңғарбаевтың төрағалығымен діни бірлестіктер өкілдері «Астана – бейбітшілік пен келісімнің рухани орталығы» тақырыбында кездесу өткізді. Іс-шараға еліміздегі діни бірлестіктердің жетекшілері, Ұлттық мұрағат пен Мәдениеттер мен діндердің халықаралық орталығының өкілдері қатысты.

«Биыл Астананың елорда мәртебесін алғанына 20 жыл толып отыр. Бұл мереке әлеуметтік-саяси маңызға ие және шын мәнінде Қазақстан халқы үшін жалпыхалықтық болып табылады. Астана – мемлекетіміздің ұлттық заманауи брендіне айналды» дей келе комитет төрағасы елорданың жетістіктерін  баяндады.

Ал «Нұр Астана» орталық мешітінің бас имамы Асқар Мұқанов өз сөзінде «Қазақстандағы бейбітшілік пен келісімді қамтамасыз ету тәжірибесі, сондай-ақ еліміздің және оның Президентінің халықаралық беделі Астанада мәдениеттер мен әлемдік діндер диалогын ұйымдастыруға мүмкіндік берді. Астана – бейбітшілік пен келісімнің тоғысқан жері және бейбіт келіссөздер мен әлемдік діндер диалогы алаңы» екенін айтты.

Діни бірлестік өкілдері де елорда туралы жылы лебіз білдіруді ұмытпады. Астана киелі округінің өкілі Дмитрий Байдек Қазақстан халқын құттықтай отырып, биыл күзде Әлемдік және дәстүрлі діндер жетекшілері Астананың рухани саммитінде алтыншы рет кездесетінін мәлімдеді. Кездесу қорытындысы бойынша діни бірлестік өкілдері Қазақстан халқын Астана күнімен құттықтап, ыстық ықыластарын білдірді.

«Бәрімізді ортақ үйіміз – Қазақстанға деген ортақ сүйіспеншілік, мемлекетіміздің және оның азаматтарының бүгіні мен кемел келешегіне деген сенім біріктіреді. Астана қаласының 20 жылдығын мерекелеу қарсаңында, біз – Қазақстан Республикасының діни бірлестіктерінің өкілдері, көпұлтты және көпконфессиялы мемлекетіміздің халқына ел-жұртымыз аман, деніміз сау, бақытымыз баянды болсын деген ізгі тілектерімізді ықыласпен жолдаймыз!» делінген құттықтауда.

aikyn.kz

Пікірлер Кіру