АСТАНА ҚАЛАСЫНЫҢ БАС ИМАМЫ «АҚ МЕШІТТЕ» ӨТКЕН МӘУЛІТ КЕШІНЕ ҚАТЫСТЫ

11 қыркүйек 2026 182 0
Оқу режимі

Адам баласының бойындағы ізгі қасиеттің бірі – адалдық. Ал адалдықты ғұмыр жолының өзегіне айналдырған Пайғамбарымыздың (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өнегесі – мұсылман үшін қашанда темірқазық. Осыны арқау еткен «Aq meshit» мешітінде «Адалдық – Пайғамбар өсиеті» атты рухани Мәуліт кеші өтті.

Рухани басқосуда Астана қаласының бас имамы Нұрбек қажы Әуесханұлы жамағатты қасиетті Мәуліт айымен құттықтап, Пайғамбарымыздың (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) көркем мінезі мен өнегелі өмірі жайында тағылымды насихат айтты.

Халқымыз «Жақсының аты өлмейді, ғалымның хаты өлмейді» деген. Пайғамбарымыздың ғибратты ғұмыры мен асыл өсиеті де ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан рухани мұра. Бас имам өз сөзінде осы өнегені күнделікті өмірде ұстанудың маңызына тоқталды.

«Пайғамбарымызды жақсы көру – тек есімін атаумен шектелмейді. Оны жақсы көру – оның мінезін, әдебін, сабырын, кешірімін, адамдарға деген мейірімін өз өмірімізге енгізу», – деді Нұрбек қажы Әуесханұлы.

Кештің шырайын кіргізген рухани сәттердің бірі – Пайғамбарымыздың өмірі мен өнегесін дәріптейтін Мәуліт жырының оқылуы болды. «Әзірет Сұлтан» мешітінің наиб имамы Жұманазар Өсерханұлы Мәуліт жырын оқып, жамағатқа рухани әсер сыйлады. Сонымен қатар жамағатпен екі дүние сардарына салауаттар айтылып, дұға-тілектер жасалды.

Суреттерді «ФОТОГАЛЕРЕЯ» айдарынан көре аласыз!

Дереккөз: ҚМДБ Астана қаласы өкілдігінің баспасөз қызметі

Пікірлер Кіру