АСТАНА ҚАЛАСЫНЫҢ БАС ИМАМЫ ӘР ІСТЕ ШЫНАЙЫ БОЛУҒА ШАҚЫРДЫ

16 маусым 2026 166 0
Оқу режимі

Астана қаласының бас имамы Нұрбек қажы Әуесханұлы Нұра ауданына қарасты «Әл-Фәттах» мешітінің дін қызметкерлерімен кездесу өткізді.

Жиын барысында бас имам дін қызметіндегі шынайылық пен ықыластың маңызына ерекше тоқталып, әрбір істің Алла разылығы үшін атқарылуы қажет екенін айтты. Ол мешітке келген әрбір адамды Алланың қонағы ретінде қабылдап, олардың мұқтажына бейжай қарамаудың маңызын атап өтті.

«Үнемі айтатыным – мешітке келген әр адам Алланың қонағы. Ол бекер келген жоқ, әйтеуір бір мұқтаждығы бар. Сондықтан әр адамның қажетін өтеуге, қолымыздан келсе қуандырып жіберуге тырысайық. Әр ісімізде шынайылық болу керек. Жасандылықтан ада, шынайы ықыласпен қызмет етсек, Алла Тағала сауабын еселеп береді», – деді Нұрбек қажы Әуесханұлы.

Кездесу барысында жамағатпен жұмысты жандандыру, діни сауат ашу дәрістерін күшейту және жастарға дәстүрлі ислам құндылықтарын көркем насихат арқылы жеткізу мәселелері сөз болды. Сондай-ақ қазіргі қоғамда түрлі діни ағымдардың ықпалы күшейіп тұрған кезеңде имамдардың білімді, сабырлы әрі даналықпен қызмет етуінің маңыздылығы айтылды.

Нұрбек қажы Әуесханұлы әлеуметтік желідегі жұмыстың сапасына да тоқталып, мотивациялық бейнероликтер мен насихаттық контенттерде қоғамға пайдалы ойлар көбірек көрініс табуы керектігін ескертті. Әсіресе, отбасылық құндылықтарды дәріптеу, қоғамға үміт пен ізгілік сыйлайтын мазмұндағы насихаттарды көбейту керектігін атап өтті.

Сондай-ақ қала бас имамы мешіт жамағатымен жүздесіп, бесін намазын жүргізді. Жамағатқа жүрек тазалығы, ықылас пен көркем мінездің маңызы туралы насихат айтты. Көпшілікпен ел амандығы мен берекесі үшін дұға-тілектер жасалды.

Дереккөз: ҚМДБ Астана қаласы өкілдігінің баспасөз қызметі

Пікірлер Кіру