АСТАНА ҚАЛАСЫНЫҢ БАС ИМАМЫ МЕШІТ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІНЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТТІ

27 маусым 2026 136 0
Оқу режимі

Астана қаласының және «Әзірет Сұлтан» мешітінің бас имамы Нұрбек қажы Әуесханұлы қасиетті мұхаррам айының құрметіне орай Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы «Зекет және қайырымдылық» қорының «Ізгілік керуені» қайырымдылық акциясы аясында мешіттің тазалық, күзет және техникалық қызметкерлеріне азық-түлік қораптарын табыстады.

Игі іс-шара барысында бас имам құлшылық үйінің тазалығы мен тыныштығын қамтамасыз ету жолында аянбай еңбек етіп жүрген қызметкерлерге алғыс айтып, олардың еңбегінің сауапты әрі жауапты іс екенін атап өтті.

«Мешіттің тазалығы, тыныштығы мен қалыпты жұмысына үлес қосып жүрген баршаңызға Алла разы болсын. Мұхаррам айының құрметіне қолға алынған «Ізгілік керуені» аясында өздеріңізге аз да болса құрмет көрсетуді жөн көрдік. Алла Тағала отбасыларыңызға амандық, ризық-несібе және береке нәсіп етсін», – деді Нұрбек қажы Әуесханұлы.

Игі бастама аясында мешіттің 20 қызметкеріне азық-түлік себеттері табысталды. Қайырымдылық іс-шарасының жоғары деңгейде ұйымдастырылуына Астана қаласы бойынша «Зекет және қайырымдылық» қорының жауапты маманы Нұрбол Оразбай және басқа да мешіт қызметкерлері белсене атсалысты.

Дереккөз: ҚМДБ Астана қаласы өкілдігінің баспасөз қызметі

Пікірлер Кіру