Астанада «Айт – татулық мерекесі» атты рухани семинар өтті

29 мамыр 2026 50 0
Оқу режимі

«Әзірет Сұлтан» мешітінде Құрбан айт мерекесі қарсаңында әйел жамағатына арналған «Айт – татулық мерекесі» атты рухани семинар өтті.

Іс-шараның мақсаты – қасиетті мерекенің құрметіне орай қоғамдағы реніш пен өкпе-араздықты азайтып, адамдар арасында кешірім, татулық және бауырмалдық құндылықтарын насихаттау.

Семинарда «Әзірет Сұлтан» мешітінің наиб имамы Абдулахад Сманов кешірімнің қадірі, туыстық байланысты сақтаудың маңызы және Құрбан айттың рухани мәні туралы насихат айтты. Астана қаласы Әйел-қыздар секторының жетекшісі Күлсара Мамырқызы, татулық пен ауызбіршіліктің маңызына тоқталса, іс-шараны «Әзірет Сұлтан» мешітінің ұстазы Ерсайын Қабылқанұлы жүргізіп, кештің мазмұнды әрі тағылымды өтуіне ұйытқы болды.

Семинардың ең әсерлі бөлігі «Кешірім ағашы» атты тәжірибелік бөлім болды. Қатысушылар өздері ренжісіп жүрген жандарды еске алып, арнайы қағаздарға «Көршімді кешірдім», «Бауырымды кешірдім», «Ренішті қойдым», «Сен де мені кешір» секілді жүрек сөздерін жазып, ағаш бұтақтарына орналастырды.

Бұл сәт көпшілікке ерекше әсер етті. Қатысушылар жүректеріндегі өкпе-реніштен арылып, жақындарымен татуласуға ниет білдірді. Іс-шара соңында қатысушыларға айттық сыйлықтар табысталып, естелікке суретке түсті.

Дереккөз: ҚМДБ Астана қаласы өкілдігінің баспасөз қызметі

Пікірлер Кіру