АСТАНАЛЫҚ ҚАРИ ҚҰРАН БАЙҚАУЫНДА 1-ОРЫНДЫ ИЕЛЕНДІ

06 қыркүйек 2026 216 0
Оқу режимі

Бүгін Ақтөбе қаласындағы «Нұр Ғасыр» мешітінде Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ұйымдастыруымен өткен Құран Кәрімді жатқа және мәнерлеп оқудан ХV республикалық байқауы өз мәресіне жетті. Екі күнге созылған дүбірлі додаға еліміздің әр өңірінен 80 үміткер қатысып, қасиетті Құранды жатқа оқу және мәнерлеп оқу шеберліктерін сынға салды.

Байқау қорытындысында Астана қаласының өкілі Айқын Ақылбекұлы Құранның 20 парасын жатқа оқу аталымы бойынша 1-орынды иеленді. Ол жүлдегерлер қатарынан көрініп, 3 000 000 теңге көлеміндегі ақшалай сыйлыққа ие болды.

Қариларды марапаттау рәсіміне ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы, сауапты іс-шараға демеушілік жасаған Бахаридин Аблазимов, зиялы қауым өкілдері мен қала тұрғындары қатысты.

Марапаттау рәсімінде Бас мүфти байқауға қатысқан қарилардың Құранға деген құрметі мен білімін жоғары бағалап, бұл доданың жай ғана жарыс емес, қасиетті кітапқа деген құрметтің мерекесі екенін атап өтті.

Бұл байқауда тек жүлде алғандар ғана жеңіске жеткен жоқ. Құран үшін жол жүріп келген әрбір қатысушы – жеңімпаз. Күн сайын Құран жаттауға уақыт бөлген шәкірт – жеңімпаз. Баласына Құран үйретуге жағдай жасаған ата-ана – жеңімпаз. Шәкіртінің әрбір әрпін түзеп, әрбір сүресін тыңдаған ұстаз – жеңімпаз. Себебі Құран жолындағы ең үлкен жеңіс – Алланың разылығына ұмтылу. Қасиетті Құранның шарапаты баршамызға жаусын!», – деді Наурызбай қажы Тағанұлы.

Байқау соңында Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы ұйымдастырушыларға, Ақтөбе облысының имамдарына, қазылар алқасына және іс-шараның бас демеушісі Бахаридин Аблазимовқа алғысын білдірді.

Дереккөз:

Пікірлер Кіру