Астананың 20 жылдығына орай дуатлоннан қалалық турнир өтті (ФОТО)

24 маусым 2018 7680 0
Оқу режимі

Бүгін Астана қаласының 20 жылдық мерейтойының құрметіне орай Елорда тұрғындарының арасында дуатлоннан ашық турнир болып өтті. Салауатты өмір салтын насихаттауға бағытталған бұл турнирге қатысушылар 5 шақырымды жаяу жүгіріп өтіп, 20 шақырымды велосипедпен еңсерді. Астана қаласының әкімдігі мен Мәдениет және спорт басқармасының, «Спорттық бұқаралық іс-шараларды өткізу дирекциясының, Астана Триатлон федерациясының бірлесе ұйымдастыруымен жүзеге асып келе жатқан бұл дәстүрлі шара халық арасында спортқа деген сүйіспеншілікті арттырып, жылдан жылға қатысушылардың да қатары көбейіп келеді.

«Бәйтерек» монументінен бастау алған қалалық марафон қатысушылары Қонаев, Қабанбай батыр, Ақмешіт, Достық және Мәңгілік ел көшелері арқылы жүгіріп өтті. Сонымен қатар, Қонаев көшесі, Тұран даңғылынан «Астана жұлдыздары» монументіне дейін (Қабанбай батыр даңғылымен айналма жол), содан соң кері бұрылып Тұран даңғылы арқылы Достық көшесіне дейін 20 шақырымды велосипедпен бағындырды.

Айтулы турнирге республикалық «Әзірет Сұлтан» мешітінің қызметкерлері де белсене атсалысып, бүгінгі күнді бой сергіткен жаттығумен бастап қайтты. Алланың берген аманаты – денсаулыққа дұрыстап көңіл бөліп, спортты серік етуге сөзімен де, үлгі әрекетімен де үндей білген Бас мешіт қызметкерлері бірінші болып мәре сызығын қимаса да, қалың жұртшылықтан қалыспай дуатлон медалін тағынып қайтты.

Пікірлер Кіру