«ӘЗІРЕТ СҰЛТАН» МЕШІТІНДЕ ӘЙЕЛ ЖАМАҒАТЫНА ОТБАСЫ ТАҚЫРЫБЫНДА АУҚЫМДЫ СЕМИНАР ӨТТІ (ФОТО)

Астана қаласындағы «Әзірет Сұлтан» мешітінде әйел жамағатына «Ислам және отбасы құндылығы» жылына орай білікті ұстаздардың қатысуымен ауқымды семинар өтті.
Іс-шараға ҚМДБ Дін мен дәстүр бөлімінің меңгерушісі Нұрбек Әуесханұлы, Астана қаласының және «Әзірет Сұлтан» мешітінің бас имамы Ерболат Жүсіпов, Астана қаласы өкілдігі Әйел-қыздар секторының жетекшісі Күлсара Бекет, Алматы қаласы Әйел-қыздар секторының жетекшісі Сүлейменова Гүлмира, Алматы облысы Әйел-қыздар секторының жетекшісі Жаналиева Назерке, Түркістан облысы бойынша Әйел-қыздар секторының жетекшісі Әбиева Еңлік ұстаздар қатысты.
Семинар барысында отбасы құндылықтарын сақтау, исламдағы әйелдің рөлі, бала тәрбиесі, ерлі-зайыптылар арасындағы сыйластық және рухани кемелдену секілді маңызды тақырыптар қозғалды. Сонымен қатар, ерлі-зайыптылар арасындағы қарым-қатынас, махаббат пен сыйластық, жанұядағы сенім мен түсіністік, ер адамға бағынудың шариғи қағидалары, ер мен әйелдің міндеттері туралы да айтылды.
Іс-шара соңында қатысушылар өз алғыстарын білдіріп, осындай пайдалы басқосулар алдағы уақытта да жалғасын тапса деген ниеттерін білдірді. Қыз-келіншектер ұстаздарға көкейлерінде жүрген сұрақтарын қойып, бала тәрибесі, отбасылық құндылықтарға қатысты пайдалы кеңестер алды.
Суреттерді толығырақ «ФОТОГАЛЕРЕЯ» айдарынан көре аласыз!
Дереккөз: ҚМДБ Астана қаласы өкілдігінің баспасөз қызметі