«ӘЗІРЕТ СҰЛТАН» МЕШІТІНДЕ ОРАЗА АЙТ НАМАЗЫ ОҚЫЛДЫ (ФОТО)

«Әзірет Сұлтан» мешітіне таң қылаң берісімен келген жамағат мешіттің іші мен сыртқы ауласына сап түзеді. Мешіт мінберіне көтерілген «Әзірет Сұлтан» мешітінің бас имамы Ерболат Жүсіпов жамағатқа Ораза айт жайлы уағыз айтып, ұлық мерекенің құндылықтарын сөз етті. Және де айт намазының оқылу үлгісін түсіндіріп өтті.
Мұсылман қауымының ұлық мерекесі осылайша Астана қаласы бойынша сағат 07:00-де оқылған айт намазымен басталды. Жылдағы үрдіс бойынша мешіт ауласында айтшылап келушілерге арналып қазақ үй тігіліп, мерекелік бағдарламалар дайындалды.
Ораза айт намазынан кейін ұлттық ойындардан сайыс өтті. Жамағат арқан тартыс, қошқар көтеру, бөрене көтеру, қол күрес, асық ату сынды ұлттық ойындарда өз өнерлерін көрсетіп, бақтарын сынады.
Дереккөз: ҚМДБ Астана қаласы өкілдігінің баспасөз қызметі