«ӘЗІРЕТ СҰЛТАН» МЕШІТІНДЕ ПӘТУА МӘСЕЛЕЛЕРІ БОЙЫНША АРНАЙЫ ЖИЫН ӨТТІ

04 қараша 2026 66 0
Оқу режимі

ҚМДБ Астана қаласы өкілдігінің ұйымдастыруымен «Әзірет Сұлтан» мешітінде елорда мешіттеріндегі Пәтуа бөліміне жауапты мамандардың қатысуымен арнайы жиын өтті.

Басқосуға Астана қаласының бас имамы Нұрбек қажы Әуесханұлы, Шариғат және пәтуа бөлімінің Астана қаласы бойынша жауапты маманы Жолдас Қоспақұлы, «Нұр-Сұлтан» мешітінің ұстазы Тамирлан Дарханұлы, сондай-ақ елорда мешіттерінің пәтуа мамандары қатысты.

Жиында шариғат мәселелері талқыланып, ҚМДБ тарапынан жаңадан қабылданған пәтуалар таныстырылды. Сонымен қатар жасанды интеллектіні ғылыми мазмұн әзірлеуде қолдану және марқұм адамның бейнесін жасанды интеллект арқылы жандандыру мәселелеріне қатысты шариғи ұстанымдар түсіндірілді.

Бас имам пәтуа берудің үлкен жауапкершілік екенін атап өтіп, мамандарды ҚМДБ-ның ортақ ұстанымын басшылыққа алуға, әрбір сұраққа байыппен жауап беруге шақырды. Әсіресе отбасы тағдырына тікелей әсер ететін талақ мәселесінде асығыс шешім қабылдамау, ал күрделі сұрақтар туындағанда қалалық пәтуа маманымен кеңесу қажеттігін ескертті.

«Бізге қойылған әрбір сұрақ – аманат. Оған берілген әрбір жауап – жауапкершілік. Біздің мақсатымыз – әр мешітте әртүрлі жауап беріп, халықты шатастыру емес, бірізділік пен жүйелілікті қамтамасыз ету», – деді Нұрбек қажы Әуесханұлы.

Жиын соңында Бас имам осы уақытқа дейін Астана қаласы бойынша Шариғат және пәтуа бөлімінің жауапты маманы қызметін атқарған Тамирлан Дарханұлына ұзақ жылдар бойғы адал еңбегі үшін алғыс хат табыстап, ризашылығын білдірді. Сондай-ақ аталған қызметке жаңадан тағайындалған Жолдас Қоспақұлын таныстырып, жұмысына сәттілік тіледі.

Дереккөз: ҚМДБ Астана қаласы өкілдігінің баспасөз қызметі

Пікірлер Кіру