«ӘЗІРЕТ СҰЛТАН» МЕШІТІНДЕ ЖАҢА ОҚУ ЖЫЛЫНЫҢ АШЫЛУ САЛТАНАТЫ ӨТТІ
Бүгін «Әзірет Сұлтан» мешітінде «Білім – екі дүние шамшырағы» тәмсілі аясында жаңа оқу жылының ашылу салтанаты өтті.
Рухани білім алуға ниет еткен әйел жамағатының шәкірттері бас қосқан жиынға Астана қаласының бас имамы Нұрбек қажы Әуесханұлы, ҚМДБ Әйел-қыздар секторының меңгерушісі Динара Құтқожа, «Әзірет Сұлтан» мешітінің наиб имамы Абдулахад Сманов және Астана қаласы Әйел-қыздар секторының жетекшісі Күлсара Мамырқызы бастаған ұстаздар қауымы қатысты.
Жиын қасиетті Құран аяттарын оқумен басталып, қала бас имамы жаңа оқу жылымен құттықтап, ақ батасын берді.
«Алла Елшісі (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) мүбарак хадисінде «Құранның әр әрпі үшін 10 сауап жазылады» деді. Ендеше сауапты амалдарыңызды Алла қабыл алсын. Мешіттерімізде тек Құран әліппесі емес отбасылық хрестоматия, исламдағы жанұя, қазақ дәстүріндегі отбасы құндылығы, салт-дәстүр, жоралғылардың жөнімен жасалуы, ажырасу мен аудоманияның алдын алу, қарттарға қамқорлық, ата-анаға жақсылық, адал әрі қауіпсіз қоғам қалыптастырудағы мұсылманның міндеті сынды тақырыптарда дәріс оқылады. Алла Тағала зейіндеріңізді ашсын. Қадамдарыңызға мол сауап жазылсын. Алған білімдеріңіз екі дүние шамшырағына айналсын!», – деді Нұрбек қажы Әуесханұлы.
Сондай-ақ ҚМДБ Әйел-қыздар секторының меңгерушісі Динара Құтқожа мен Күлсара Бекет шәкірттерге ізгі тілектерін жеткізіп, білім алудың маңыздылығына тоқталды.
Берекелі жиын барысында наиб имам Абдулахад Әбдісаттарұлы мен мешіт ұстаздары Әсел Қыдырмин, Гүлнұр Әбдіманапқызы және Нұргүл Әлиханқызы өздерін таныстырып, мешіт әдебі жөнінде түсіндірме жүргізді.
Айта кетейік биыл Астана қаласы бойынша барлық мешіттерді қоса есептегенде сауат ашу курсына тіркелгендер саны 3 625 әйел шәкіртті құрайды. Оның ішінде 1 500 шәкірт алғашқы бастауыш топқа тіркелді.
Жаңа оқу жылы шәкірттердің діни білімін тереңдетіп, рухани ізденісін арттыруға бағытталған тағылымды сабақтармен жалғасын табады.
Суреттерді «ФОТОГАЛЕРЕЯ» айдарынан көре аласыз!


















Дереккөз: ҚМДБ Астана қаласы өкілдігінің баспасөз қызметі