БАС ИМАМ «ӘЛ-ҒАНИ» МЕШІТІНДЕ ЖҰМА УАҒЫЗЫН АЙТТЫ
Астана қаласының бас имамы Нұрбек қажы Әуесханұлы елордадағы «Әл-Ғани» мешітінде жұма уағызын айтты. «Аманатқа адалдық – иманның бір бөлігі» тақырыбына арналған насихатта бас имам аманат ұғымының мән-маңызына тоқталып, мұсылман баласының Алла алдындағы, отбасы мен қоғам алдындағы жауапкершілігі жайында сөз қозғады.
Нұрбек қажы Әуесханұлы аманатқа адалдық адамның иманы мен көркем мінезінің айқын көрінісі екенін атап өтті. Сондай-ақ аманат ұғымы тек сеніп тапсырылған дүние-мүлікті сақтаумен шектелмейтінін, оған адамның ар-намысы, өзгенің құқығы, отбасы тәрбиесі, қызметтік міндеті мен сеніп айтылған сыр да жататынын жеткізді.
Уағыз барысында Құран аяттары мен хадистер негізінде аманатты сақтау, уәдеге беріктік таныту және өзгенің ақысына қиянат жасамаудың маңызы түсіндірілді. Бас имам ата-ана үшін перзент тәрбиесі, ұстаз үшін шәкірт білімі, басшы үшін ел игілігі, ал әрбір мұсылман үшін өзіне жүктелген міндет пен жауапкершілік аманат екенін атап өтті.
Жұма уағызынан кейін Нұрбек қажы Әуесханұлы жамағатпен бірге жұма намазын оқып, ел тыныштығы мен берекесі үшін дұға жасалды.









Дереккөз: ҚМДБ Астана қаласы өкілдігінің баспасөз қызметі