Бас имам ALQA радиосына сұхбат берді

26 мамыр 2026 77 0
Оқу режимі

Бүгін Астана қаласының бас имамы Нұрбек қажы Әуесханұлы елордадағы ALQA интернет радиосына арнайы сұхбат берді.

Сұхбат барысында қасиетті Құрбан айт мерекесінің рухани маңызы мен қоғамдағы орны кеңінен сөз болды.

Эфир кезінде бас имам Құрбан айттың мұсылман жұртшылығы үшін бауырмалдық пен жанашырлықты арттыратын ұлық мереке екенін атап өтіп, құрбандық шалудың шариғаттағы орны мен тәрбиелік мәніне тоқталды. Сонымен қатар, онлайн құрбандық шалу тәртібі, елордадағы арнайы құрбан шалу орындары, ысырапқа жол бермеу, мал бағасының тұрақтылығы секілді көпшілікті толғандырған сауалдарға нақты жауап берді.

Нұрбек қажы Әуесханұлы өз сөзінде Құрбан айтта даңғойлық пен бәсекелестікке емес, шынайы ықыласқа, мұқтаж жандарға көмек көрсету мен қоғамдағы бірлікті нығайтуға басымдық беру қажеттігін жеткізді.

Сұхбаттан кейін бас имам ALQA медиасының тыныс-тіршілігімен танысып, ұжымның ақпараттық-ағартушылық бағыттағы еңбегіне оң бағасын берді. Сондай-ақ, рухани құндылықтарды насихаттауда медиа саласының маңызы зор екенін атап өтіп, шығармашылық ұжымға сәттілік тіледі.

Дереккөз: ҚМДБ Астана қаласы өкілдігінің баспасөз қызметі

Пікірлер Кіру