БАС ИМАМ «ӘЛЖАН АНА» МЕШІТІНДЕ ЖҰМА УАҒЫЗЫН АЙТТЫ
Астана қаласының бас имамы Нұрбек қажы Әуесханұлы елордадағы «Әлжан ана» мешітінде жұма уағызын айтты. «Үміт ізгілікке жетелейді» тақырыбына арналған насихатта бас имам Алланың рақымынан үміт үзбеу, қиындыққа мойымау және ізгі амалдарға ұмтылу жайын қозғады.
Нұрбек қажы Әуесханұлы үміттің адамға жігер беріп, жақсылыққа бастайтынын айта келе, мұсылманның Жаратушының мейірімінен күдер үзбей, тәубе мен ізгі амалға ден қоюы керектігін жеткізді.
«Үміт адам жүрегіне жігер сыйлап, өміріне мән беретін, жақсылыққа ұмтылдыратын асыл қасиет. Адам баласы қандай қиындыққа тап болса да, жүрегіндегі үміт сәулесі оған күш-қуат беріп, алға қадам басуына жол ашады. Ислам дінінде үміт – мұсылманның Алла Тағаланың шексіз рақымы мен мейіріміне деген сенімінің көрінісі. Шынайы мүмін Жаратушысының кеңшілігінен үміт етіп, күнәсіне тәубе жасайды, құлшылығын арттырады, игі амалдарға ұмтылады. Сондықтан үміт жүректі жақсылыққа бастайтын, адамды ізгі амалға жігерлендіретін және Алла Тағалаға жақындата түсетін ұлы рухани құндылық», – деді бас имам.
Уағыз барысында Құран аяттары мен хадистер негізінде үміт пен үрейдің мұсылман өміріндегі орны түсіндірілді. Бас имам Алланың рақымынан үміт етуді күнәға жеңіл қараумен шатастырмау керектігін айтып, шынайы үміт тәубеге келуге, жауапкершілікті сезінуге және игі істерді көбейтуге жетелейтінін атап өтті.
Жұма уағызынан кейін Нұрбек қажы Әуесханұлы жамағатпен бірге жұма намазын оқып, ел тыныштығы мен берекесі үшін дұға-тілектер жасалды.



















Дереккөз: ҚМДБ Астана қаласы өкілдігінің баспасөз қызметі