Бас имам: Әр қазақтың төрінде домбырамыз ілулі тұрсын
Ұлттық домбыра күні қарсаңында Астана қаласының бас имамы Нұрбек қажы Әуесханұлы елордадағы домбыра жасайтын шеберге арнайы барды. Бас имам шебер Бауыржан Ардақұлынан ұнатқан домбырасын тартып көріп, жас кәсіпкерді қолдау мақсатында ұлттық аспапты сатып алды. Нұрбек қажы Әуесханұлы өз сөзінде бабаларымызбен бірге жасасып, шерін тарқатып, сырын айтқан сан қырлы жәдігерді шағын ғана цех ашып, ұсталық мектебімізді жаңғыртып жатқан жастарды қолдау керек, міне бұл бабалар жолы және әр домбыраны ықыласпен жасау үлкен еңбек деді бас имам.
«Адам өзінің жақсы көрген, ұнатқан ісімен айналысқанда одан нәтиже шығады. Қазақ атамыз ағаш бір жерде тұрып көктейді дейді. Оның ішінде ұлтымыздың сан ғасырлық мұрасын жаңғырту жолында еңбек ету нағыз ұлтжандылық деп білеміз. Ғалымдар домбыраның шығу тарихын мыңдаған жылдарға әкетеді. Күні кеше пайда болған аспап емес. Президентіміз жақында домбырамыз әлемге танылып ұлттық брендке айналуы тиіс дегенді айтты. Қазір бір қуанарлығы мектептерде мыңдаған бала күй тартып, домбыра ойнап әлемдік сахналарға да шығып жүр. Сондықтан домбырамызға сұраныс бар. Қазақ өзі мұңын, шерін, қайғы мен қуанышын күймен жеткізген халық қой. Әр күй бір аңыз, бір шежіре. Осы жолдағы еңбектеріңіз елене берсін. Мен Сіздерді қолдап келіп отырмын. Әр қазақтың төрінде домбырамыз ілулі тұрсын. Ұлттық домбыра күні құтты болсын» деді бас имам.
Бауыржан Ардақұлы жаңғақ ағашынан жасалған жаңа домбыраны көрсетіп, ұлттық мұрамызға қолдау көрсеткен дін қызметкерлеріне ризашылығын жеткізді. Кездесу соңында бас имам шеберге қосылып бір күй орындады.









Дереккөз: ҚМДБ Астана қаласы өкілдігінің баспасөз қызметі