Бас мүфти Ақпарат және қоғамдық даму министрімен кездесті (ФОТО)

20 қаңтар 2022 2386 0
Оқу режимі

Елордада ҚМДБ Төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы Ақпарат және қоғамдық даму министрі Асқар Омаровпен кездесті.

Кездесу барысында дін істері мәселелері мен Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының қызметіне қатысты өзекті мәселелер талқыланды.

Бас мүфти мен министр қоғамдағы деструктивті діни ағымдардың идеологиясына қарсы іс-қимыл бойынша сындарлы пікір алмасты. Сондай-ақ, ақпарат таратудың түрлі арналарын, атап айтқанда БАҚ, әлеуметтік желі, мессенджерлер, кітаптар және т.б. құралдарды пайдалана отырып, Діни басқарманың ағарту жұмысының сапасын жаһандық трендтерге сәйкес жаңа деңгейге көтеру туралы да сөз болды.

Министр қаңтардағы қайғылы оқиғалар кезінде мұсылман қауымға үндеу жасап, жұртты бірлікке, бейбітшілікті сақтауға шақырған азаматтық ұстанымы үшін Бас мүфтиге зор алғыс білдірді.

«Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы еліміздегі конфессияаралық келісімді нығайтуға ықпал ете отырып, ұдайы халқымызды рухани құндылықтар төңірегіне топтасуға үндеп келеді», – деп атап өтті Аcқар Омаров.

Өз кезегінде Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы министрліктің Діни басқарма жұмысына көрсетіп отырған қамқорлығын ерекше атап, алғысын жеткізді және Асқар Қуанышұлына өзара тығыз ынтымақтастық жалғаса беретінін тілге тиек етті.

Дереккөз: ҚМДБ Баспасөз қызметі

Пікірлер Кіру