Бас мүфти Атырау имамдарына насихатын жеткізді (ФОТО)

21 қыркүйек 2020 242 0
Оқу режимі

Бүгін елордада Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы Атырау облысының имамдарын қабылдады.

Кездесуде Атырау облысының бас имамы Алтынбек Ұтысханұлы өңірдегі діни ахуалды баяндап, үгіт-насихат, оқу-ағарту, діни оңалту, қайырымдылық, ақпарат, т.б. бағыттар бойынша облыс көлемінде атқарылып жатқан жұмыстар туралы Бас мүфтиге есеп берді.

Бүгінде аталған аймақта 32 мешітте 74 дін қызметкері жұмыс істеуде. Жаңадан 5 мешіт салынуда. Медиа жоспарға сәйкес, 177 шәкірт мешіт имамдарынан тұрақты түрде онлайн дәріс тыңдайды.

«Жүйелі жұмыстың нәтижесінде осы жылы 5 шәкіртіміз Нұр-Мүбәрак университетіне, 48 шәкіртіміз республикалық деңгейдегі медресе-колледждерге оқуға түсті. «Ел үлесі – пәтерге» қайырымдылық жобасы аясында баспанаға аса мұқтаж 10 жанұяға пәтер кілтін табыстадық. Сонымен қатар алдағы уақытта 3 Қайырымдылық мекемесін ашу жоспарымызда бар», – деп атап өтті бас имам Алтынбек Ұтысханұлы.

Аймақта атқарылып жатқан жұмыстарға оң пікірін білдіріп, игі тілегін жеткізген Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы: «Сіз талай жыл мүфтиятта қызмет етіп, мол тәжірибе жинадыңыз. Республикалық шараларға ұйытқы болдыңыз. Атырау облысының бас имамы ретінде де игі істер атқарып келесіз. Барлық бастамаларыңызға сәттілік тілеймін. Алла жар болсын! Ең бастысы, Алла разылығы үшін қызмет етіңіздер. Халықпен жұмыс жасау барысында көркем әдеп сақтап, мейірімділік жолын ұстаныңыздар. Мешітке келген әр адамға көңіл бөліп, мүмкіндігінше көмектесіңіздер. Егер сіздердің себептеріңізбен бір адам имандылық жолына түсіп, отбасын жақсылыққа ұйытып, айналасына үлгілі тұлға болса, оның сауабы мен тағылымында шек болмайды. Халыққа қызмет етуден асқан ғазиз нәрсе жоқ. Сондықтан ел игілігі үшін аянбай еңбек ете беріңіздер», – деді.

Кездесу соңында Бас мүфти өңір имамдарымен ашық сұхбат құрып, тиісті ақыл-кеңесін жеткізді.

Дереккөз: ҚМДБ баспасөз қызметі

Пікірлер Кіру