Бас мүфти Атырауда баспасөз мәслихатына қатысты (ФОТО)

17 қыркүйек 2021 2634 0
Оқу режимі

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Атырау облысына жасаған жұмыс сапары аясында жергілікті журналистермен кездесті.

Кездесу барысында Бас мүфти вакцина алуға шариғаттың көзқарасы, руханият, діни білім алу сынды бірқатар мәселелер төңірегінде ой бөлісті. Іс-шараға Атырау облысы әкімінің орынбасары Бақытгүл Хаменова қатысты.

«Тәуелсіздігімізбен бірге, халқымыз дінімізбен, тілімізбен, ділімізбен қайта қауышты. Елімізде Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына қарасты 2700-ден астам мешіттер бар. Нұр-Мүбарак университеті, медресе-колледждер, Құран жаттау орталықтары діни саланы білікті мамандармен толықтыруға ықпал етуде. Мешіттеріміз руханияттың, қайырымдылықтың ордасына айналды» деген Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы тарапынан бекітілген 7 негізгі жұмыс бағыты туралы айтып өтті.

«Қазіргі таңда мүфтият халықты ізгілікке біріктіретін ізгі істердің ордасына айналып отыр. Қуаңшылықтан зардап шегіп жатқан аймақтарға көмек қолын созуға үндейтін «Қиындықта ел бірге» жобасы бір ғана мысал бола алады. Осы жоба аясында 7500 түк жиналып, тиісті өңірлерге жеткізілді. Бұл істің басы-қасында жергілікті имамдар бен кәсіпкерлер жүрді. Шөпті тасымалдау мәселесіне Қазақстан теміржолы компаниясы тарапынан үлкен көмек берілді. Мұндай істер сынақ келген уақытта мүфтияттың әркез қарапайым халықтың жанынан табылатындығын көрсетеді», – деп атап өтті ҚМДБ Төрағасы.

Кездесу барысында Бас мүфти коронавирусқа қарсы екпе алу мәселесіне, шет елде білім алып жатқан шәкірттерді қызметке тарту, ихсан ілімін насихаттау, дәстүрді дәріптеуге қатысты пікір білдірді. Кездесу соңында Бас мүфти журналистерге «Ихсан – рухани тәрбие негізі» атты кітапты сыйға тартты.

 

Дереккөз: ҚМДБ баспасөз қызметі

Пікірлер Кіру