БАС МҮФТИ «ӘЗІРЕТ СҰЛТАН» МЕШІТІНІҢ АҚСАҚАЛДАРЫМЕН КЕЗДЕСТІ
Бүгін қасиетті жұма күні Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы елордадағы «Әзірет Сұлтан» мешітінде өткен «Үлкенге құрмет – салтымыз» атты іс-шараға қатысты.
Жиынға Астана қаласының Бас имамы Нұрбек Әуесханұлы бастаған мешіт қызметкерлері мен мешіт жамағаты арасындағы ақсақалдар қатысты.
Кездесуде Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы ақсақалдарға ізгі тілегін білдіріп, елдің рухани өмірі мен мешіт жамағатының береке-бірлігін нығайтуға қосып келе жатқан үлесіне тоқталды. Ақсақалдардың кейінгі буынға өнеге көрсетіп, жастарды имандылыққа, үлкенді құрметтеуге және ұлттық құндылықтарды дәріптеуге бағыттап келе жатқан еңбегін атап өтті.
Іс-шара барысында мешіттің бірқатар ақсақалына арнайы алғыс хаттар табысталды. Сонымен қатар Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жанындағы «MUFTIYAT» баспасынан жақында жарық көрген «Ислам және Адал қоғам» кітабының таныстырылымы өтіп, жаңа еңбек ақсақалдарға сыйға тартылды.
Кездесу соңында ақсақалдар Бас мүфтиге ризашылығын білдіріп, көрсетілген құрмет үшін алғыстарын айтты. Сондай-ақ, ел бірлігі мен діни тұрақтылықтың нығаюына, мешіт пен жамағат арасындағы өзара сыйластық пен береке-бірліктің арта беруіне тілектестік білдірді.















Дереккөз: ҚМДБ Баспасөз қызметі