БАС МҮФТИ АЗЫҚ-ТҮЛІК ҚАУІПСІЗДІГІ ЖӨНІНДЕГІ ИСЛАМ ҰЙЫМЫНЫҢ БАС ДИРЕКТОРЫ БЕРІК АРЫНМЕН КЕЗДЕСТІ

22 тамыз 2024 991 0
Оқу режимі

ҚМДБ Орталық ғимаратында Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі Ислам ұйымының бас директоры Берік Арынмен кездесті.

Ең алдымен Бас мүфти Берік Сақбайұлын жаңа қызметімен құттықтап, табыс тіледі.

«Өзіңізбен бірнеше жылдан бері әріптестік бағытта қызмет етіп келеміз. Мысырда Елші болған кезіңізде рухани бағытта ауыз толтырып айтарлықтай ауқымды істерге ұйытқы болдыңыз. Мұсылман елдерінің бірлігі жолында көптеген жұмыстар атқарылды. Мемлекеттік қызметте де Өзіңізбен рухани бағытта бірнеше жобаларды жүзеге асырдық. Қазіргі жаңа қызметіңізге табыс тілей отырып, байланысымыз тоқтамайды» деп сенемін деді Наурызбай қажы Тағанұлы.

Бас мүфтиге алғысын білдірген Берік Сақбайұлы өз кезегінде қазіргі қызметте де дінаралық татулық тұрғысынан ислам елдерімен тығыз байланыста екенін жеткізді.

«Әрине Өзіңіз басқарып отырған ұжыммен жан-жақты жұмыс атқардық. Мысыр елінде діни білім, Сауд Арабияда қажылық маусымын атқару бір жүйеге түсті деуге болады. Ислам ұйымы болғандықтан Сіздермен әркез байланыста боламыз. Қолға алып жатқан бірнеше өзекті жобамыз бар. Оның бірі әрине азық-түлікті сақтау, ысырапқа бармау, азық-түлікпен барынша жоқ-жітікке қарайласу жағын да қолға алудамыз. Адал асты дамыту жағы да назарымызда. Сондықтан Діни басқармамен бірлесіп жұмыс істеуге дайынбыз» деді Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі Ислам ұйымының бас директоры Берік Арын.

Кездесу соңында тараптар екіжақты ортақ жобаларды қолдайтынын мәлімдеді.

Дереккөз: ҚМДБ Баспасөз қызметі

Пікірлер Кіру