БАС МҮФТИ ЕЛОРДАЛЫҚ ДІН ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІН МАРАПАТТАДЫ
Астана қаласындағы «Әзірет Сұлтан» мешітінде елордалық дін қызметкерлерін марапаттау рәсімі өтті.
Салтанатты жиында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Құрбан айт күндері халыққа діни қызмет көрсетуде, қайырымдылық шараларын ұйымдастыруда және құрбандық рәсімдерінің талапқа сай орындалуына үлес қосқан бірқатар азаматтарға алғыс хат табыстады.
Бас мүфти өз сөзінде Құрбан айттың мұсылман жұртшылығы үшін айрықша маңызға ие мереке екенін атап өтіп, мереке күндері жауапкершілікпен қызмет атқарған дін қызметкерлері мен еріктілерге ризашылығын білдірді. Сондай-ақ олардың қажырлы еңбегі мен ұйымшылдығының арқасында қайырымдылық шаралары жоғары деңгейде жүзеге асып, көптеген отбасылар қуанышқа кенелгенін жеткізді.
Марапатталғандардың қатарында Құрбан айт іс-шараларын ұйымдастыруға белсене атсалысып, қоғамдық және қайырымдылық жұмыстарға үлес қосқан азаматтар болды. Оларға Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының арнайы алғыс хаттары тапсырылды.
Жиын соңында Бас мүфти марапат иелеріне алдағы қызметтеріне табыс тілеп, ел игілігі жолындағы еңбектеріне береке тіледі.
Айта кетейік, биылғы Құрбан айт мерекесі аясында елорда мешіттерінде құрбандық шалу рәсімдері ұйымдастырылып, мұқтаж отбасыларға қайырымдылық көмектер көрсетілді. Бұл игі шараларға дін қызметкерлері мен еріктілер белсенді қатысып, мерекенің рухани және әлеуметтік мәнін арттыра түсті.




















Дереккөз: ҚМДБ Астана қаласы өкілдігінің баспасөз қызметі