Бас мүфти этно-мәдени орталықтардың басшыларымен кездесті (ФОТО)

22 қазан 2020 2919 0
Оқу режимі

ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Рухани келісім күніне орай Қазақстан халықтары Ассамблеясы мүшелерімен кездесті.

Алдымен Діни басқармаға арнайы келген елордадағы этно-мәдени орталықтардың басшыларына «Мүфтият тынысымен» таныстыратын бейнеролик көрсетілді. Кездесу барысында ұлттар татулығы, рухани сабақтастық жайында сөз қозғалды.

Кездесуде Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы: «Расында, Алланың алдында сүйкімді адамдар, олар – елді бірлікке шақырғандар, алауыздыққа жол бермегендер. Қасиетті Құран Кәрімнің «Хужурат» сүресінің 13 аятында: «Уа, адамдар! Негізінде, Біз сендерді бір ер және бір әйелден жараттық, әрі сендерді бір-бірлеріңді танып, білулерің үшін халықтар мен рулар еттік. Анығында, Алланың алдындағы сендердің ең құрметтілерің – тақуаларың», – делінген.

Бүкіл адамзат баласының ұлттар болып, қауымдасып өмір сүруі, бір-бірінен ерекшелеп жаратылуы – Жаратушы Алла Тағаланың даналығы, мейірімі мен нығметі. Сайын даланы мекен еткен түрлі ұлт өкілдері салт-дәстүрін, әдебиеті мен мәдениетін дамытуға ерікті.

Дін мемлекетте, қоғамда тыныштық, әділдік болуын көздейді. Адамды соған тәрбиелейді. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы да осындай ұлы мұраттарға ұмтылып, жұртты ізгілікке үндеп қана қоймай, бірлік пен берекенің нығметін ұдайы ұлықтап келеді. Өйткені, бүкіл адамзатқа түсірілген қасиетті Құранда Алла Тағала: «Бөлінбеңдер», – деп бұйырған. Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) діни ымыраға келуді бұйырған» деп атап өтті.

Сондай-ақ қонақтар Діни басқарма ғимаратын аралап, дін қызметкерлерінің жұмысымен танысты. Өз кезегінде Ассамблея мүшелері де Бас мүфтиге алғыстарын айтып, тілі басқа болса да, тілегі бір екендіктерін жеткізді. Кездесу соңында Діни басқарма атынан қонақтарға кәдесый таратылды.

Пікірлер Кіру