БАС МҮФТИ ХЕЛЬСИНКИ МЕШІТІНДЕ ЖҰМА УАҒЫЗЫН АЙТТЫ

27 наурыз 2026 71 0
Оқу режимі

Бүгін қасиетті жұма күні Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Финляндия Республикасына барған сапарында осы елдің астанасы Хельсинки қаласындағы Орталық мешітте жұма уағызын айтты.

«Ата жұрттан жырақта жүрген мұсылман үшін дін тек құлшылық емес. Ол – рухани тірек, ұлттық болмысты сақтайтын аманат. Сіздер жат елде жүріп адал еңбектеріңізбен, көркем мінездеріңізбен Исламның асыл құндылықтарын танытып келесіздер. Бұл – үлкен сауапты іс. Еуропада өмір сүріп жатқан мұсылман үшін үш үлкен аманат бар: біріншісі – дінді сақтау, екіншісі – ана тілін сақтау, үшіншісі ұлттық тәрбиені сақтау. Бұл – біздің ұрпақ алдындағы жауапкершілігіміз. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бір хадисінде былай деген: «Мүміндер бір-біріне сүйіспеншілік пен мейірімділікте бір дене тәрізді». Сондықтан алыста жүрсек те жүрегіміз бір болсын. Бір-бірімізге тірек болайық. Жастарымызға дұрыс бағыт берейік. Балаларымызға ана тілімізді, дінімізді үйретейік» деді Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы.

Сондай-ақ ҚМДБ Төрағасы жұма намазын өткізіп, барша мұсылманның игілігі үшін дұға етті. Жұма намазына қатысқан мұсылман жамағаты Хельсинки қаласында алғаш рет уағыз айтқан Бас мүфтиге алғысы мен ризашылық ниеттерін жеткізді.

Дереккөз: ҚМДБ Баспасөз қызметі

Пікірлер Кіру