БАС МҮФТИ МЕШІТ ЖАМАҒАТЫНА ЖҰМА УАҒЫЗЫН АЙТТЫ (ФОТО)

27 қазан 2023 2597 0
Оқу режимі

Бүгін, қасиетті жұма күні «Әбу Насыр әл-Фараби» мешітінде Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы жамағатпен жүздесті. ҚМДБ Төрағасы «Мұсылманның келбеті қандай болу керек?» тақырыбында жамағатқа  жұма уағызын айтты.

«Мұсылман адам Жаратушының алдында міндетті болған құлшылық-ғибаттарын орындаумен қатар, күнделікті өмірде жүріс тұрысында, келбетінде асыл дініміз талап ететін ізгі сипаттарға сай болуы қажет. Қасиетті Құранда Алла Тағала иман еткен жандарды түрлі ізгі сипаттармен сипаттаған. Мысалға,  қасиетті Құрандағы «Әли Имран» сүресінің 133-134-аяттарында Алла Тағала: «Раббыларыңның жарылқауы мен кеңдігі жер мен көктей жәннатына жарысыңдар. (Бұлар) тақуалар үшін әзірленген. Олар – (тақуалар) кеңшілікте де, таршылықта да Алла жолында мал сарп қылғандар. Сондай-ақ ашуларын жұтушылар, адамдарды кешірім етушілер. Алла игілік істеушілерді жақсы көреді», – деген. Бұл аяттарда Алла Тағала мүминдерге Оның жарылқауы мен жәннаты тақуалар үшін әзірленгенін баяндап, кейін мүминнің келбетіне тән сипаттарды баяндап, олар таршылықта да, баршылықта да қолында барымен өзгелерге жәрдем беретінін, ашуларын ұстай алып, өзгенің кемшілігіне кешіріммен қарайтынын айтқан», - деді Бас мүфти.

Сондай-ақ Наурызбай қажы Тағанұлы ардақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) мейірім мен рақымға толы өмірінен, көркем мінезі мен ізгі қасиеттерінен мысалдар келтіріп, оның әрбір сөзі мен ісі мейірімділіктің аясында өрбігенін тілге тиек етті. «Мұсылман адам – дін талаптарына бекем, жүрегі таза, өзгелерге жанашыр, дана да білімді, қоғамға пайда келтіруге талпынатын, дүниелік істері мен мен ақыреттік амалдарын қатар алып жүретін тұлға болуы қажет. Ең бастысы әрбір ізгі амалын шынайы ықыласпен, бір Алланың разылығына бөленсем деген ниетте орындап, көзбояушылық пен жасандылықтан сақтануы тиіс.

Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Расында Алла Тағала шынайы ықыласпен тек қана Оның ғана ризашылығын қалап жасалған амалдан басқасын қабыл етпейді», – деген» деді Бас мүфти. Насихат соңында ҚМДБ Төрағасы жамағатты Пайғамбарға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) лайықты үмбет болуға шақырып, еліміз бен жеріміздің тыныштығын тілеп, жамағатпен бірге дұға жасады. 

Дереккөз: ummet.kz 

Пікірлер Кіру