Бас мүфти қатысқан рухани кеште мыңдаған шәкірт марапатталды
Астана қаласы өкілдігінің ұйымдастыруымен «Әзірет Сұлтан» мешітінде «Имани түлек» атты мешіт шәкірттеріне арналған салтанатты марапаттау кеші өтті. Рухани кешке елорда мешіттерінде білім алып жүрген 1 200 шәкірт қатысты.
Іс-шараға ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы арнайы қатысып, шәкірттерге насихат айтты.
Сонымен қатар жиынға Астана қаласының және «Әзірет Сұлтан» мешітінің бас имамы Ерболат Жүсіпов, ҚМДБ Әйел-қыздар секторының меңгерушісі Динара Құтқожақызы, Астана қаласы Әйел-қыздар секторының жетекшісі Күлсара Мамырқызы, Республикалық Бас мешіт ұстазы Қарлығаш Қажымәлікқызы, елорда ұстаздары, әйел шәкірттер мен жамағат қатысты.
Бас мүфти өз сөзінде Ислам дінінде білім алудың орны ерекше екенін атап өтіп, Құранның алғашқы түскен аяты «Оқы!» деп басталғанын еске салды. Сондай-ақ Пайғамбарымыздың ﷺ «Білімді талап ету – әрбір мұсылманға парыз» деген хадисін келтіріп, ілім іздеудің әрбір мұсылман ер мен әйелге ортақ міндет екенін айтты.
Бас мүфти биылғы «Ислам және адал қоғам» жылы аясында еліміздің барлық өңірінде рухани-ағартушылық бағыттағы ауқымды іс-шаралар өтіп жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, қоғамдағы адалдық, жауапкершілік пен көркем мінез мәселесі әрбір мұсылманның өмірінде айрықша орын алуы тиіс.
Жиын барысында мешіттерде білім алып жүрген шәкірттерге арнайы сертификаттар мен марапаттар табысталып, ұстаздарға алғыс айтылды. Кеш соңында ел амандығы мен жұрт тыныштығына дұға жасалды.
Суреттерді толығырақ «Фотогалерея» айдарынан көре аласыз!




























Дереккөз: ҚМДБ Астана қаласы өкілдігінің баспасөз қызметі