БАС МҮФТИ ҚАЗАҚСТАННЫҢ ФИНЛЯНДИЯ РЕСПУБЛИКАСЫНДАҒЫ ЕЛШІСІМЕН КЕЗДЕСТІ
Бүгін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Финляндия Республикасына барған жұмыс сапарын Қазақстанның осы елдегі Төтенше және Өкілетті елшісі Азамат Сәбитұлымен кездесуден бастады.
Кездесу барысында тараптар шетелдегі қазақ диаспорасымен рухани байланысты нығайту, діни сауаттылықты арттыру, сондай-ақ рухани-мәдени дипломатия бағытындағы өзара ықпалдастық мәселелерін талқылады. Бас мүфти елшілік тарапынан сапарды ұйымдастыруға көрсетілген қолдау үшін алғыс білдірді.
«Бүгінгі таңда шетелдегі қазақ диаспорасымен байланыс орнату аса маңызды мәселелердің бірі деп санаймын. Әсіресе, Еуропа елдерінде өмір сүріп жатқан қандастарымыздың рухани қажеттілігіне көңіл бөлген дұрыс. Біз шет елде діни білім алып жатқан қазақ жастарымен байланыс орнату мақсатында Мысыр, Түркия сынды мемлекеттерде арнайы ресми өкілдерімізді тағайындадық. Біз бұл бағыттағы жұмыстарды тұрақты жалғастыра береміз. Осы орайда біз өзіңіз басқаратын елшілікпен бірлесе жұмыс істеуге дайынбыз.Диаспора өкілдерімен кездесулер өткізу, жастарға рухани бағыт беру, ұлттық және діни құндылықтарды сақтау бағытында бірлескен шаралар ұйымдастыруды әрдайым қолдаймыз. Сіздердің қолдауларыңызбен шетелдегі қазақ жастарының ана тілін, ұлттық мәдениетін және дәстүрлі діни танымын сақтау жұмыстары одан әрі жандана түсетініне сеніміміз мол. Бұл – тек рухани емес, сонымен қатар ұлттық тұтастықты сақтауға бағытталған маңызды іс. Алдағы уақытта да ортақ мақсат жолында бірлесе жұмыс істеп, шетелдегі қазақ қауымдастығына рухани қолдау көрсету ісін бірге жалғастырамыз деп ойлаймын» деді ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы.
Кездесу соңында тараптар елшілік пен ҚМДБ арасындағы өзара үйлесімді жұмысты одан әрі жалғастыру шетелдегі қазақ диаспорасының ұлттық және рухани болмысын сақтау ісіне оң ықпал ететініне сенім білдірді.








Дереккөз: ҚМДБ Баспасөз қызметі