БАС МҮФТИ ҚҰМАР ОЙЫН ЖӨНІНДЕ ЖҰМА УАҒЫЗЫН АЙТТЫ (ФОТО)

15 қыркүйек 2023 1453 0
Оқу режимі

Бүгін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы Алматы қаласының Орталық мешітінде жұма уағызын айтты.

Құмар ойынның зардабы жөнінде уағыз айтқан Бас мүфти: «Алла Тағала қасиетті Құран Кәрімде құмар ойынның құрдымға кетіретінін айтып, иман келтірген құлдарын сақтандырған. Пайғамбарымыз да (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Кім өзінің досын құмар ойынға шақырса, садақа берсін» деген. Яғни құмар ойынды ойнау өз алдына күнә болса, оған басқаларды шақыру да күнә саналады. Қазіргі таңда құмар ойын қоғамымыздың дертіне айналып отыр. Талай тағдырды талқандап, талай шаңырақтың берекесін кетірді. Демек, бұл дерттің салдарымен қоса себебімен де күресуіміз қажет. Ұрпағымызға имани тәрбие беріп, ұлттық құндылықтарымызды бойына сіңіріп өсіруіміз маңызды» деді.

Жұма уағызынан кейін ҚМДБ Төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы мешіт жамағатымен бірге дұға жасап, Алла Тағаладан ел мен жердің амандығын, әлемнің тыныштығын тіледі.

Дереккөз: ҚМДБ Баспасөз қызметі

Пікірлер Кіру