БАС МҮФТИ РЕСПУБЛИКАЛЫҚ КОНФЕРЕНЦИЯДА БАЯНДАМА ЖАСАДЫ

04 желтоқсан 2024 536 0
Оқу режимі

Бүгін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ұйымдастыруымен «Тектілік – асыл қасиетіміз» тақырыбында өткен республикалық конференцияда Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы баяндама жасады.

«Расында біз түркілік тегімізді сақтай білген жоралы жұртпыз. Қазақ халқында «Текті адам – елдің ұйытқысы» деген сөз бар. Тектілік – тек қанның тазалығы емес, сонымен бірге рухани байлықтың, ізгілік пен адалдықтың нышаны. Ата-ананың тәрбиесі, отбасындағы өнеге – баланың болашағына тікелей ықпал ететін факторлар. Өмірінде кездесетін ұстаздары, достары, яғни, ортасы да адамның тектілігін сақтауына немесе жоғалтып алуына әсер етпей қоймайды. Бұл жөнінде Хакім Абай: «Адамның адамшылығы – ақыл, ғылым, жақсы ата, жақсы ана, жақсы құрбы, жақсы ұстаздан болады» дейді.

Ал асыл дініміз Исламда тектіліктің маңызы зор. Алла Тағала қасиетті Құранда: «Ізгі әйелдер ізгі ерлерге, ізгі ерлер ізгі әйелдерге лайық. Міне, осынау ізгі жандар жалақорлардың жаласынан таза. Оларға Алланың кеңшілігі мен берекелі ризық-несібе бар», – деген («Нұр» сүресі, 26-аят). Ал ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өзінің хадисінде:

«Әйелге төрт нәрсесі үшін үйленеді: байлығы үшін, тегі үшін, сұлулығы үшін және діні үшін. Сен діндарды (иманына қарап) ұнат. Алла қолыңды кеңітеді» деген. Міне, бұл хадистің өзі көп нәрсені аңғартып тұр.

Асыл дінімізбен біте-қайнасқан ата дәстүрімізде де тектілік адам тануда аса маңызды. «Тектіден текті туады, тектілік тұқым қуады», «Көріп алған тексізден көрмей алған текті артық» деген даналық сөздердің жаны бар» деді Бас мүфти.

Сондай-ақ конференция барысында ҚМДБ Төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы БАҚ өкілдеріне бүгінгі жиын туралы сұхбат берді.

 

Дереккөз: ҚМДБ Баспасөз қызметі

Пікірлер Кіру