БАС МҮФТИ ТҮРКІСТАНДАҒЫ ҚҰРАН ЖАТТАУ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ АШЫЛУ РӘСІМІНЕ ҚАТЫСТЫ

27 қараша 2026 48 0
Оқу режимі

Бүгін Түркістан облысы, Сауран ауданына қарасты Жүйнек ауылында «Сауран» Құран жаттау орталығының ашылу  рәсімі өтті. 

Салтанатты шараға Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы арнайы қатысып, жергілікті жамағатты орталықтың ашылуымен құттықтады.

Бас мүфти өз сөзінде Құран жаттаудың маңыздылығына тоқталып, мұндай білім ордаларының жас ұрпаққа діни-рухани тәрбие берудегі орны ерекше екенін атап өтті.

«Құран жаттау – тек білім емес, ол – тәрбие, сабыр, ықылас пен жауапкершілік. Бұл орталықта шәкірттеріміз Құранды жаттаумен қатар, оның мән-мағынасына бойлап, діни-рухани тәрбие алады. Мұндай орталықтар ел ішіндегі діни тұрақтылық пен бірліктің негізін қалыптастырады.

Бүгінгі күні Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы еліміздің түкпір-түкпірінде Құранды жаттауға, оқуға, үйренуге жағдай жасап келеді. Бұл жолда «Ижаза» орталықтары, мешіттеріміз бен медреселеріміз, Құран жаттау орталықтары аянбай еңбек етуде. Бүгін ашылып отырған Құран жаттау орталығы – соның бір дәлелі», – деді Наурызбай қажы Тағанұлы.

Айта кетейік, «Сауран» Құран жаттау орталығының құрылысы 2024 жылы басталып, биыл аяқталды. Бір гектар аумақты алып жатқан ғимаратта 150 шәкірт білім ала алады. Орталықта заманауи оқу бөлмелерімен қатар, фитнес және спорт залдары, футбол алаңы қарастырылған. Салтанатты жиын соңында Бас мүфти аталған орталықты аралап, оң бағасын берді.

























​

Дереккөз: ҚМДБ Баспасөз қызметі

Пікірлер Кіру