БАС МҮФТИ ЖАЗУШЫ ӘКІМ ТАРАЗИМЕН СҰХБАТТАСТЫ (ФОТО)

03 наурыз 2024 1310 0
Оқу режимі

ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Алғыс айту күні қарсаңында жазушы, Қазақстанның Еңбек Ері Әкім Таразидің шаңырағында қонақта болды.

Бас мүфти жасы 90-нан асқан қарт қаламгерге ризашылығын білдіріп, алғыс айтты. Кездесуде руханият, ұлттық тәрбие, дәстүр құндылығы сөз болды.

«Құрметті Әкім аға Өзіңізбен дидарласып, батаңызды алуға келдік. Сіз ұрпағыңызбен де шығармаларыңызбен де жасай бересіз. Өйткені қазақ әдебиеті мен мәдениеті, өнеріне қаншама олжа қалдырдыңыз. Келешек ұрпақ мұны бағалайтыны ақиқат. Ұлтты сүю, оның дәстүрін, тілін, дінін қадірлеуге қатысты айтқан құнды ойларыңыз бөлек. Біз оны әрі қарай дәріптеуіміз керек. Өзіңізге амандық тілейміз. Ауырмай, сырқамай, Роза Қажығалымқызы апайымыздың қасында көзайым боп жүре беріңіз. Мереке қарсаңында қазақтың қабырғалы қаламгеріне алғысымызды білдіргелі келдік», - деді ҚМДБ Төрағасы.

Өз кезегінде жазушы Әкім Үртайұлы Бас мүфтиге руханият саласындағы жұмыстары үшін ризашылық білдіріп, Өзі де молданың тәрбиесінде болғанын айтып, аталарының мешіт ұстағанын еске алды. Сұхбат соңында әрдайым тілектес екендігін жеткізіп, ақ батасын берді.

Сондай-ақ ҚМДБ Төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы қаламгердің иығына қазақы дәстүрмен шапан жауып, жақында ғана жарық көрген «Бабалар ізімен: қазақ даласындағы мұсылмандық мектеп» кітабын сыйға тартты. Қаламгер қуанышын жеткізіп, жұбайы жазушы Роза Қажымғалиқызы екеуі ризашылығын білдірді.

 

Дереккөз: ҚМДБ Баспасөз қызметі

Пікірлер Кіру