«ДАРХАН ДАЛА»: ДІН ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІ АЛЖИР МУЗЕЙІНЕ ЭКСКУРСИЯҒА БАРДЫ

17 қараша 2026 141 0
Оқу режимі

«Aq meshit» мешітінің имамы Дәурен Муслимов бастаған дін қызметкерлері «Дархан дала» жобасына орай Ақмол ауылындағы АЛЖИР мемориалдық музейінде болды.

АЛЖИР – 1937 жылы құрылған Ақмола лагерінің қысқартылған атауы. Лагерьдің ресми аты «Отанын сатқандардың әйелдерінің Ақмола лагері» болғанымен, бұл айып негізсіз еді. Бұл жерге әйелдер өз кінәсі үшін емес, жақындарына тағылған жала салдарынан түсті.

Ресми деректер бойынша әр жылдары лагерьде 18 мыңнан астам әйел тұтқында болған, олардың арасында 62 ұлттың өкілі бар еді. Тұтқындар қатарында Тұрар Рысқұлов, Сұлтанбек Қожанов, Темірбек Жүргенов, Бейімбет Майлин, Санжар Асфендияров секілді қайраткерлердің жұбайлары да болды.

Лагерь орнындағы мемориалдық музей 2007 жылғы 31 мамырда, саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні ашылды. Экспозицияда лагерьде ұсталған әйелдердің құжаттары, архив материалдары мен жеке заттары сақтаулы. Ашық алаңдағы кешенде тұтқындарға арналған вагон мен қаралы арка тұр, сондай-ақ жазықсыз құрбан болғандардың есімдері жазылған тас ескерткіш қойылған.

Дін қызметкерлері музей экспозициясымен танысып, лагерь тұтқындарының тағдыры туралы мәліметті тыңдады. Сапар соңында Дәурен Муслимов бастаған имамдар жазықсыз жапа шеккен жандардың рухына дұға жасады.

Дереккөз: ҚМДБ Астана қаласы өкілдігінің баспасөз қызметі

Пікірлер Кіру