ДІНИ БАСҚАРМАДА КАДРЛЫҚ АУЫС-ТҮЙІСТЕР БОЛДЫ
Бүгін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Орталық Аппарат жиналысын өткізіп, бірқатар кадрлық ауыс-түйістерді хабарлады.
Бас мүфти шешімен Бектазинов Марат Дәлелханұлы ҚМДБ Халықаралық байланыс және хаттама бөлімінің меңгерушісі қызметінен босатылып, Қажылық бөлімінің меңгерушісі қызметін уақытша атқарушы болып тағайындалды. Ал бұған дейін Қажылық бөлімінің меңгерушісі қызметін атқарған Жанділдә Мамытханұлы өз өтініші негізінде жұмыстан босатылды. Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Жанділдә Мамытханұлына қажылық саласында атқарған көпжылдық еңбегі үшін алғыс білдіріп, діни басқарма жүйесінде 14 жылдан астам уақыт қажылық сапарын ұйымдастыру ісіне елеулі үлес қосқанын атап өтіп, алғыс хат табыстады.
Бұған дейін ҚМДБ Қажылық бөлімі меңгеруші орынбасары қызметін атқарып келген Құрмаш Сырым Сейсенғалиұлы аталмыш қызметтен босатылып, «Халықаралық байланыс» бөлімінің меңгерушісі қызметіне тағайындалды.
Ал жаңадан ашылған ҚМДБ «Хаттама және ұйымдастыру» бөлімінің меңгерушісі қызметіне Бас мүфти көмекшісі қызметін атқарған Ораз Даулет Есенкелдіұлы тағайындалды. Сондай-ақ, «Халықаралық байланыс және хаттама» бөлімінің маманы қызметін атқарған Махамбет Искандеров «Хаттама және ұйымдастыру» бөлімі меңгерушісінің орынбасары қызметіне тағайындалды.
Қожин Жаңабай Маратұлы ҚМДБ Діни білім және кадр дайындау бөлімінің маманы қызметінен ауыстырылып, Діни білім және кадр дайындау бөліміне қарасты жаңадан ашылған «Діни оқу-ағарту» секторының меңгерушісі қызметіне тағайындалды. Ал Стамбакиев Нұржан Жақсылықұлы ҚМДБ «Шариғат және пәтуа» бөліміне қарасты жаңадан ашылған «Ислам қаржысы» секторының меңгерушісі қызметіне тағайындалды. Сонымен қатар, бірнеше бөлім жаңа мамандармен толықтырылды.
Жиын барысында Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы жаңадан тағайындалған қызметкерлерге сәттілік пен береке тіледі.


















Дереккөз: ҚМДБ Баспасөз қызметі