Елорда мешіттерінің әйел жамағаты Мәуліт мерекесін тойлады (ФОТО+ВИДЕО)

15 қараша 2021 3989 0
Оқу режимі

Нұр-Сұлтан қаласы өкілдігі Әйел-қыздар секторының ұйымдастыруымен кеше «Пайғамбарға сағыныш» атты Мәуліт кеші болып өтті. Алла Елшісі (с.ғ.с.) туылған Мәуліт айының құрметіне орай Елорда мешіттерінің әйел жамағатына арнайы ақ дастархан жайылып, мерекелік бағдарлама ұсынылды.

Мерекелік кешке Нұр-Сұлтан қаласының бас имамы Ерболат Жүсіпов арнайы қатысып, ізгі тілегін білдірді. Сондай-ақ, жамағат арасынан абыз әжелер де өз тілектерін жеткізіп, батасын берді. Қасиетті Құран аяттарымен ашылған мерекелік кеште аясында Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) салауаттар жолданып, екі дүние сардарының (с.ғ.с.) өмірі мен өнегесі, тәлімі мен тәрбиесі кеңінен насихатталды.

Нұр-Сұлтан қаласындағы «Астана» қыздар медресесінің шәкірттері де Мәуліт кешіне өз үлестерін қосып, рухани мәнін арттыра түсті. Шәкірттер қыздар дайындаған «Қажылық» атты сахналық қойылымы көрерменнің ыстық ықыласына бөленіп, көздеріне жас келтірді. Сондай-ақ, «Сәдуақас Ғылмани» мешітінің ұстазы Айгүл Көксегенқызының Алла Елшісі (с.ғ.с.) жайлы уағызы да қатысушылардың жүректерін тербетіп, Пайғамбарға деген махаббаттарын күшейте түсті.

Бұған қоса, елімізге белгілі эстрада әншілері Алтынай Жорабаева мен Лаула Кайрденовалар көрерменге әннен шашу шашып, кеш көрігін қыздыра түсті. Сондай-ақ, Аяжан Бейбітқызы «Пайғамбарға сағыныш» атты монологы арқылы көрерменді терең ойға жетеледі.

Кеш барысында көрермендерге арналып викториналық сұрақ-жауап ойнатылып, қатысушылардың Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) қатысты білімдері сарапқа салынады. Жауабын дұрыс тапқан жандарға арнайы сыйлықтар беріліп отырды.

Кеш соңында Нұр-Сұлтан өкілдігі Әйел-қыздар секторының жетекшісі Динара Құтқожақызы құттықтау лебізін білдіріп, Мәуліт кешіне қатысқан барша жамағатқа алғысын білдірді.

Суреттер топтамасын «ФОТОГАЛЕРЕЯ» айдарынан көре аласыздар!

 

 

Дереккөз: Muslim.kz

Пікірлер Кіру