Елорда қарилары арасында республикалық Құран жарысына іріктеу өтті (ФОТО+ВИДЕО)

25 тамыз 2021 4075 0
Оқу режимі

Бүгін ҚМДБ Нұр-Сұлтан өкілдігі бойынша Х Республикалық Құран жарысына іріктеу сайысы болып өтті. «Aqmeshit» мешітінде өткен дүбірлі додаға 30-ға жуық үміткер бақ сынап, республикалық жарыста Елорда атынан қатысатын қарилар анықталды.

«10 пара», «20 пара», «30 пара» аталымдары бойынша сынға түскен қатысушылардың жаттау қабілеті мен қырағатын, тәжуидін елімізге белгілі Жұманазар Садырханов, Нұриддин Күлер, Мұртаза Балахмет сынды қарилар тексеріп, жүзден жүйрігін анықтауға тырысты. Айта кетейік, белгілі себептерге байланысты бірнеше үміткердің келе алмауына орай «Мәнерлеп оқу» аталымы әділқазылар ұйғарымымен кейінге қалдырылды.

Қасиетті Құран аяттары оқылып, батамен басталған шара шымылдығын Нұр-Сұлтан қаласының бас имамы Ерболат Жүсіпов өзі ашып, бүгінгі жарыстың маңыздылығын атап өтті. әрбір әрпі сауапқа тұнған қасиетті Құран кәрімді жаттаған қатысушыларға да жүрекжарды лебізін арнап, баршасына сәттілік тіледі.

Бірінен-бірі оза шапқан үміткерлер арасынан шын үздігін анықтау әділқазыларға қиынға соққанымен, бабы мен бағы қатар жанғандар жеңіс тұғырынан табылды. Жүлдегерлер мен жеңімпаздардың барлығы да арнайы дипломмен марапатталып, қаржылай сертификатка ие болды.

«10 пара» аталымы:
1-орын –  Скаков Омар
2-орын – Саидов Сайриддин
3-орын – Нұрмұхаммед Талантұлы

«20 пара» аталымы:
1-орын –  Сұлтан Жасұланұлы
2-орын – Әбдімүтәліпұлы Нұрмұхаммед
3-орын – Хакимов Азизхлджа

«30 пара» аталымы:
1-орын –  Дәукен Қайырбай
2-орын – Хакимов Ахмадходжа
3-орын – Рахматов Махмадамин

Айта кетейік, үстіміздегі жылдың 6-7 қазан күндері Түркістан қаласында Х республикалық Құран жарысы өтетін болады.

Суреттерді «ФОТОГАЛЕРЕЯ» айдарынан көре аласыздар!

Дереккөз: Muslim.kz

Пікірлер Кіру