ЕЛОРДА ТӨРІНДЕ РУХАНИ МӘУЛІТ КЕШІ ӨТТІ
Елордада Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Астана қаласы өкілдігінің ұйымдастыруымен «Адалдық – Пайғамбар (ﷺ) өсиеті» атты рухани Мәуліт кеші өтті.
Ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) туған айына орай өткен тағылымды жиынға ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы, Халық қаһарманы, генерал Бақытжан Ертаев, мемлекет және қоғам қайраткерлері Жабал Ерғалиев пен Әлихан Байменов, ҚР Дін істері комитеті төрағасының орынбасары Мақсат Раманқұлов, сондай-ақ бірқатар мұсылман мемлекеттерінің елшілері қатысты.
Рухани кеш барысында Бас мүфти жамағатқа Мәуліт айының маңызын атап өтіп, барша мұсылман қауымды айтулы аймен құттықтады. Сонымен бірге Алла Елшісінің (ﷺ) ғибратқа толы өмір жолын үлгі етіп, қоғамда адалдықты ту етуге, жақсылық жасауға және еңбекті қадірлеуге үндеді.
«Адамзаттың асылы, ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) біздерге пайғамбар ретінде жіберілуі –Алла Тағаланың адамзат баласына деген үлкен нығметі мен мейірімі. Алла Тағала Қасиетті Құранның «Әнбия» сүресінің 107 аятында: «Уа, Мұхаммед! Біз сені күллі әлемге теңдесі жоқ рақым ретінде ғана жібердік», – деп айтқан.
Ардақты Пайғамбарымыздың болмысы, жеке тұлғасы – біздер үшін мейірім. Сөзімен, ісімен болған сүннеттерінің барлығы сол мейірімініңтәпсірі іспеттес. Осы ретте ерекше айта кетер жайт: кез келген мұсылманның Алла елшісін шынайы жақсы көруі үш жағдайда көрініс табады. Біріншісі білім мен таным арқылы көрініс табады. Біз оның өмірбаянын, хадистерін, ұстанған жолын және сүннетін оқып-үйренеміз әрі жаттаймыз.
Оның орындауға міндетті болған сүннеттерін, мұстахаб, яғни ұнамды істерін және басқа да ілімдерін меңгеруге ұмтыламыз. Өйткені адам өзі жақсы көрген тұлғаны тануға, оның өмірі мен өнегесін білуге талпынады. Сол үшін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жыл сайын Мәуліт кешін республика деңгейінде өткізіп келеді. Мұндағы мақсат – Пайғамбарымызды, оның өмірі мен өнегелі ісін жамағатқа көбірек дәріптеу»,- деді Бас мүфти.



























Дереккөз: ҚМДБ Астана қаласы өкілдігінің баспасөз қызметі