ЕЛОРДАДА «ASAR JOLY» АКЦИЯСЫ БАСТАЛДЫ

19 шілде 2022 1002 0
Оқу режимі

Елордада Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі, қала әкімдігі мен «Asar Ume» қайырымдылық қорының ұйымдастыруымен «Асар жолы» қайырымдылық акциясы басталды.

Жоба аясында мұқтаж жандарға қолдау көрсетумен қатар жас ұрпақты ұлттық құндылықтарға баулу көзделген. Осы орайда ұйымдастырушылар қалалық ипподромдардың бірінде киіз үй тігіп, асық атып, құрылтай өткізді.

Акция театрландырылған қойылым түрінде басталса, оған ҚМДБ Төрағасының орынбасары, наиб мүфти Кенжеәлі Қоңыратбайұлы қатысып, аталмыш қайырымдылық шарасына қолдау білдіре келе дәстүрлі ислам дініміз бағзы заманнан бері асар ұғымымен ұшатасқанын айтып, көпшілікке бата берді.

Қойылымның бір ерекшелігі басты рөлдерді әртістер емес, кәсіпкерлер мен өзге де қайырымды азаматтар сомдап, акция аясында әлеуметтік аз қамтылған, көпбалалы отбасыларға баспана беріп, қолдау көрсетті.

«Мұқтаждарға баспана, қиыншылықта жүрген отбасыларға мотивация беріп, осы жоспар бойынша 50 шақты отбасыға үй алып беру көзделген. Одан басқа жастарды жұмыспен қамтып, біліммен, кәсіппен айналысуға көмектескіміз келеді. «Жақсылық жасауда жарысайық» деген ұранмен қор өкілері өзге қалалардағы кәсіпкерлер мен ауқатты жандарды игі іске атсалысуға шақырады. Осылайша бір қаланың қайырымды азаматтары басқа қаладағы мұқтаждарға жәрдемдеседі» дейді «Asar Ume» қайырымдылық қорының президенті Асхат Нұрмашев.

Сондай-ақ акцияға қатысқан ҚР Премьер-министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов: «Ең алдымен халықтың әл-ауқатын, тұрғындардың әлеуметтік жағдайын көтеретін Соған байланысты үлкен бағдарлама қабылдағанбыз. Ол бағдарламада әрбір Қазақстан азаматы өзін табуы керек. Соған байланысты қандай идеялар бар, қандай ойлар бар, қандай кейстер бар, соның бәрін мен әрқашан қолдауға дайынмын. Елордада басталған «Асар жолы» акциясы енді өзге өңірлерге жол тартады. 2,5 айдың ішінде қайырымды жандар 20 өңірдегі азаматтарға қолдау көрсетуді жоспарлап отыр. Соңғы 3 жылда қор 440 отбасыға баспана сыйлады» деп атап өтті.

Дереккөз: ҚМДБ баспасөз қызметі

Пікірлер Кіру