ҒҰЛАМАЛАР КЕҢЕСІНДЕ ҚАБЫЛДАНҒАН УӘДЕНІ ОРЫНДАУ ҮКІМІ ТАНЫСТЫРЫЛДЫ

18 қараша 2026 52 0
Оқу режимі

ҚМДБ Астана қаласы өкілдігінің ұйымдастыруымен «Әзірет Сұлтан» мешітінде елорда мешіттерінің пәтуа жөніндегі мамандарымен жиын өтті. Жиында Ғұламалар кеңесінде қабылданған уәдені орындаудың шариғи үкімі таныстырылды. Жиынды «Нұр-Сұлтан» мешітінің ұстазы Тамирлан Дарханұлы жүргізді.

Тамирлан Дарханұлы уәде – бір нәрсені жүзеге асыруға берілген сөз екенін еске салып, ислам құқығында ол екіге бөлінетінін түсіндірді.

Біріншісі – шартсыз, ерікті түрде берілген жалпы уәде. Көпшілік ғалымдар мұндай уәдені орындауды діни және моральдық міндет санайды. Алайда оны құқықтық жолмен мәжбүрлеп орындатуға болмайды. Мысалы, біреуге қарыз беремін деп уәде еткен адам сөзінде тұруы тиіс, бірақ орындамаған жағдайда оған құқықтық жауапкершілік жүктелмейді.

Екіншісі – белгілі бір шартқа байланысты берілген уәде. Ханафи және мәлики мәзһабтары мұндай уәдені құқықтық тұрғыдан да міндетті деп есептейді. Уәдеге сеніп әрекет жасаған екінші тарап зиян көрсе, уәде беруші сөзін орындауға немесе келтірілген зиянды өтеуге тиіс. Мысалы, «Мына көлікті ал, жетпегенін қарызға беремін» деп уәде беру осыған жатады.

Жиын соңында уәдені орындау діни және моральдық тұрғыдан міндет екені, ал келісімде берілген уәде құқықтық тұрғыдан да міндетті саналатыны айтылды. Күтпеген, еңсерілмейтін жағдайларда бұл мәселе бөлек қарастырылатыны да атап өтілді.

Дереккөз: ҚМДБ Астана қаласы өкілдігінің баспасөз қызметі

Пікірлер Кіру