«Көктал» мешіті қарияларға құрмет көрсетті

30 мамыр 2026 73 0
Оқу режимі

Қасиетті Құрбан айт мерекесі қарсаңында «Көктал» мешіті Дін мен дәстүр бағыты аясында «Шарапат» әлеуметтік қызмет көрсету орталығында (қарттар үйі) тағылымды рухани жиын ұйымдастырды.

Ақ жаулықты аналар мен ақсақалдарға арнап айттық дастарқан жайылып, мерекелік көңіл күй сыйлады. Мешіт жамағаты мен еріктілер қарияларға құрмет көрсетіп, ақ дастарқаннан дәм ұсынып, ізгі тілектерін жеткізді.

Ислам дінінде қарияларға құрмет көрсету – сауапты амалдардың бірі саналады. Осыған орай ұйымдастырылған кездесу барысында аға буын өкілдеріне мешіт ұжымы ерекше ілтипат көрсетті.

Рухани басқосуда қасиетті Құран аяттары оқылып, дүниеден өткен марқұмдарға бағышталып дұға жасалды. Сондай-ақ ел тыныштығы, жұрт амандығы мен берекесі үшін ақ тілектер айтылды. Қариялар өз кезегінде көрсетілген құрмет пен ықыласқа ризашылықтарын білдіріп, ақ баталарын берді.

Дереккөз: ҚМДБ Астана қаласы өкілдігінің баспасөз қызметі

Пікірлер Кіру