«КӨКТАЛ» МЕШІТІНДЕ «ҚОҒАМ БЕЛСЕНДІСІ» ТАҚЫРЫБЫНДА СЕМИНАР ӨТТІ
Астана қаласы өкілдігіне қарасты «Көктал» мешітінде «Қоғам белсендісі» тақырыбында семинар өтті.
Мешіт ұстазы Мухлиса Сайдулақызының ұйымдастыруымен өткен кездесудің негізгі мақсаты қоғам өміріне белсенді араласудың маңыздылығын түсіндіру, әйелдердің қоғамдық ортадағы рөлін айқындау, кәсіпкерлік пен медиа саласындағы тәжірибелермен бөлісу және жастарды пайдалы бастамаларға ынталандыру.
Семинарға арнайы шақырылған екі спикер өз тәжірибелерімен бөлісті. Алғашқы спикер – «Qamar Sulu» мұсылман әйелдер киім дүкенінің негізін қалаушы Айсұлу Жарылқасын. Ол кәсіпкерлік жолындағы тәжірибесімен бөлісіп, жеке істі бастау, оны дамыту және қоғамға пайдалы кәсіп қалыптастыру жөнінде ой қозғады.
Екінші спикер – блогер әрі контент-креатор Жанерке Жанболат. Ол әлеуметтік желідегі контент жасаудың қыр-сырына тоқталып, Астана қаласындағы маңызды орындар мен өзекті жаңалықтарды көпшілікке таныстыру бағытындағы жұмысы туралы әңгімеледі. Сонымен қатар ақпараттық кеңістікте сапалы контент ұсынудың және әлеуметтік желіні тиімді пайдаланудың маңыздылығын атап өтті.
Кездесу барысында қатысушылар спикерлерге өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, пайдалы ақпарат пен тәжірибе алмасты.







Дереккөз: ҚМДБ Астана қаласы өкілдігінің баспасөз қызметі