Меккеде мұсылман елдерінің дін қайраткерлері бас қосты (ФОТО)

27 тамыз 2018 8218 0
Оқу режимі

Қасиетті Мекке шаһарында Түркия Дін істері басқармасының ұйытқы болуымен мұсылман елдерінің дін қайраткерлері бас қосты. Халықаралық жиынға 20-дан астам мемлекеттің мүфтилері, ғалымдары, елшілері, консулдары, уақып жəне қажылық қорларының жетекшілері қатысты.

Айтулы іс-шараға қазақстандық делегацияны Қажылық миссиясының төрағасы, наиб мүфти Бауыржан Əбдірашұлы бастап барды. Делегация құрамында ҚР Қоғамдық даму министрлігінің өкілі Бақытжан Жұмабекұлы, ҚМДБ Аппарат басшысы Ғылымбек Мəжиев, Шариғат жəне пəтуа бөлімінің меңгерушісі Сансызбай Құрбанұлы, ҚМДБ баспасөз хатшысы Ағабек Қонарбайұлы болды.

Алқалы жиында алғашқы сөз алған Түркия Дін істері басқармасының төрағасы, доктор Əли Ербаш жиналған қауымды құрбан айтпен құттықтап, дін ғалымдарын əлемдік исламофобия үдерісіне қарсы тұруға шақырды. Сонымен қатар, дін атын жамылып, қару асынған дінбұзарлардың əрекетін айыптап, біріккен түрде оларға қарсы үн қату қажеттігін сөз етті. Дін ғұламалары жер бетінде зұлымдыққа ұшырап жатқан мұсылмандар үшін дұға жасады. Мінберде сөз алған ғұламалар мұсылман үмбетінің бауырмашылдығын арттыру, татулық пен өзара түсіністік құндылықтарын дамыту, мұсылманның мұсылманға деген жанашырлық сезімдерін ояту сынды мəселелер төңірегінде пікір алысты.

Халықаралық басқосу барысында наиб мүфти Бауыржан Есмахан Түркия Дін істері басқармасының төрағасы Əли Ербашпен сұхбаттасып, Бас мүфти Серікбай қажы Ораздың ізгі тілегі мен дұғай сəлемін жеткізді.Əлемдік мұсылман үмбеті ғалымдарының басын қосқан шарада Құран оқылып, Аллаға мадақ, пайғамбарға салауат айтылды. Шара соңында мəртебелі меймандар мерекелік дастархан басында емен-жарқын əңгімелесті.

Пікірлер Кіру